Шымкентте мереке күндері дүниеге келген 238 сәбидің аналарына «Сүйінші» атты естелік бэби бокс табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сүйінші» сый қорабына бөбекке қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған. 28 жасында көп балалы ана атанған Ақбота Бекжанова да «Сүйінші» сыйлығына ие болды. «Ұлым дүниеге келген соң Президенттен алғыс алуын жақсылыққа балап отырмыз. Ерекше құрмет көрсеткен Мемлекет басшысына алғыс айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» - деді ол.
Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында төртінші перзентін дүниеге әкелген жас ана ұлының есімін Айдын деп қойған. Қазір сәбидің жағдайы жақсы. Дәрігерлерде жиі-жиі хабарласып тұрады.
«Біздің қызметкерлер 16 және 17 желтоқсанда жұмыс істеді және АХАЖ өкілдерімен бірлесіп әрбір сәби өмірінде өзінің алғашқы құжатын алуы үшін перзентханаларда құжаттарды қабылдады. Осы кезеңде Шымкент қаласында барлығы 238 сәби дүниеге келді, оның ішінде 3 егіз бар», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Данабек Исабеков.
«Сүйінші» сый қораптарын таратуды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге және ҚР Ұлттық банкі, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды. Сондай-ақ, ата-аналардың қалауы бойынша перзентханаға немесе үйіне жеткізілді.
