Фото: ашық дереккөз
Шымкент қаласы Тұран ауданы прокуратурасының үйлестіруімен алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол ұзақ уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден бас тартып, 1 171 723 теңге көлеміндегі қарызын өтемеген.
Борышкер бұған дейін де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы және Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған. Соған қарамастан, алимент төлеу міндетін орындаудан жалтаруын жалғастырған.
2025 жылдың 16 мамырында сот үкімімен борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, алты айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, алимент төлеуден үш айдан астам уақыт бойы жалтарғандар заң бойынша екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелуі немесе айыруы мүмкін. Сонымен қатар, олар 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы ықтимал.
Мұндай қатаң шаралар алимент міндеттемелерін орындауды ынталандыру және балалардың құқықтарын қорғау мақсатында қолданылатынын еске саламыз.