01 там, 2025 сағат 15:42

Шымкентте азаматтарды алдап, ақша бопсалаған топ ұсталды

Фото: Polisia.kz

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері алдын ала жоспарланған схема бойынша әрекет етіп, азаматтардан ақша бопсалаған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Ult.kz.

Топ құрамында екі әйел мен үш ер адам болған. Жәбірленушілердің бірі полицияға арыз түсіріп, 800 мың теңгесін тартып алғандарын, сонымен қатар ұрып-соққанын жеткізген.

Тергеу барысында күдіктілердің әрекеті мұқият жоспарланғаны анықталды. Олар әлеуметтік желілер арқылы ер адамдармен танысып, жалған сенімге кіріп, жалдамалы пәтерлерге кездесуге шақырған. Кездесу барысында пәтерге олардың сыбайластары кіріп келіп, өздерін қыздардың туыстары, не құқық қорғау қызметкерлері ретінде таныстырып, “мәселені шешу” сылтауымен ақша талап еткен.

Ұсталғандардың телефондарын тексеру кезінде осыған ұқсас басқа да қылмыстық әрекеттердің белгілері анықталды. Қазіргі уақытта басқа жәбірленушілерді анықтау және қылмыстық әрекеттерді толық құжаттау жұмыстары жалғасуда.

Барлық күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды.