22 қаң, 2022 сағат 17:31

Шымкентте үстіне бетон плита құлаған жұмысшы көз жұмды


Шымкентте бір адамды бетон плиталары басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін сағат 12:25 шамасында «112» құтқару қызметінің басқару пультіне хабарласқан тұрғын бұрынғы көкөніс базасының аумағында құрылыс жүріп жатқан ғимараттың төбесі құлағанын жеткізген. 

Оқиға орнына құрамында 6 құтқарушы және Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері бар жедел-құтқару бөлімшесі барды. 

Құтқарушылар «Көкөніс базасының» аумағында орналасқан «Кулиев» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі сауда үйінің құрылысы кезінде 400 шаршы метр алаңда бетон плиталарынан құралған төбе жабыны құлағанын анықтады.

Оқиға орнында Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 1985 жылы туған азамат қайтыс болды. 

Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері марқұмның денесін алып бетон астынан шықты. 

Оқиға орнында төтенше жағдай департаментінің екі қызметкері, жедел-құтқару жасағының 6 қызметкері 1 техникасы, 1 кинологиялық, Апаттар медицинасы орталығы филиалының бір бригадасы жұмыс істеді.