10 нау, 2023 сағат 12:10

Си Цзиньпин үшінші мерзімге Қытай төрағасы болып сайланды

Фото: Shutterstock

Халық өкілдерінен құралған бүкілқытайлық жиын депутаттары Си Цзиньпинді Қытай төрағасы етіп үшінші мерзімге қайта сайлады. Бұл туралы "Синьхуа" агенттігі хабарлады.

Си Цзиньпин – мемлекет басшысы ретінде үшінші мерзімге сайланған алғашқы басшы.

"Коммерсанттың" жазуынша, Си мырза Қытай орталық әскери кеңесінің жетекшісі қызметін де сақтап қалған. Бұған қоса, мемлекеттік кеңестің бірінші орынбасары Хань Чжэн Қытай төрағасының орынбасары ретінде сайланғаны белгілі болды. Одан бөлек, Қытай компартиясы саяси бюросы комитетінің тұрақты мүшесі Чжао Лэцзи бүкілқытайлық жиын депутаттары тұрақты комитетінің төрағасы болып тағайындалған.

Дауыс беру бүкілқытайлық жиын депутаттарының алғашқы сессиясының үшінші жалпы отырысында болған. Оның алдында депутаттар Қытай мемлекеттік кеңесі аппаратының реформа жоспарын мақұлдаған.

Мемлекеттік кеңес – Қытайдың жоғарғы атқару органы. Реформа жоспарының соңғы нұсқасы жарияланған жоқ. Ол "орталықтанған билікті" күшейтіп, "мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға тиіс" деп айтылады.

Си Цзиньпин 69 жаста. Ол 2012 жылы Қытай компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы болған. 2013 және 2018 жылдары Қытай төрағасы болып сайланды. 2017 және 2022 жылдары компартия орталық комитетінің бас хатшысы қызметіне қайта сайланды.

Айта кетейік, ақпанда Қытай басшысы Си Цзиньпин Мәскеуге баратыны хабарланды. Бұл ҚХР төрағасының РФ әскері Украинаға басып кіргеннен кейінгі Ресейге алғашқы сапары болмақ. Ақпаратқа қарағанда, Пекин Кремльді Украинада ядролық қару қолданбауға көндіруге тырысады.

25 ақпанда CNN және The Wall Street Journal басылымдары Америка барлау қызметіне сүйене отырып, Қытай Ресейге дрондар, артиллерия мен оқ-дәрі тасымалдауды қарастырып отыр деп жазған. Бұған дейін Пекин Мәскеуге қару-жарақ беру жоспары жоғын айтқан.