27 ақп, 2023 сағат 18:24

СІМ Блинкеннің Астанадағы жұмыс жоспарын жариялады

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Сыртқы істер министрлігі АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанадағы жұмыс жоспарын жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 28 ақпанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға алғашқы ресми сапары өтеді. Астанада Блинкенді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келіссөздер жүргізеді.

"Сол күні Астанада Э.Блинкеннің қатысуымен Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы саяси ведомстволары басшыларының «С5+1» форматындағы министрлік кездесуі өтеді. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің СІМ басшылары өздерінің қатысуын растады.

«С5+1» министрлік кездесуінде Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен экономика, энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамыту, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда «С5+1» тетігі өзін Орталық Азияның көпжоспарлы дамуын қамтамасыз ету ісінде өңірлік ынтымақтастыққа ықпал ететін тиімді дипломатиялық платформа ретінде көрсетті" - деді Айбек Смадияров.