
Солтүстік Қазақстан облысында биыл бірқатар тарихи-мәдени маңызы бар нысан күрделі жөнделмек. Соның бірі – Петропавлдағы 1870 жылы тастан қаланған мешіт, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде салаға қатысты жоспарлармен бөлісті.
Маманның айтуынша, биыл мәдениет саласына 6,6 млрд теңге бөлінген. 2601 адам еңбек етсе, олардың орташа еңбекақылары 105 мың теңге шамасында.
Биыл өңірде мемлекеттік бағдарламалар аясында Ақсуат ауылында мәдени-сауықтыру орталығының құрылысы басталмақ. Бірнеше елді мекенде ауыл клубтары, аудандық мәдениет үйлері жөнге келтіріліп, 10 аудандағы мәдени-сауықтыру орталықтарына керек-жарақ алынбақ.
«2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес, республикалық бюджеттен бірқатар нысандарда ғылыми-қалпына келтіру жұмыстарына қаражат бөлінді. Солардың ішінде «Сырымбат» қонысы бар. Биыл 25 млн теңге жұмсалмақ. «Ботай» қонысына биыл 10 млн, келер жылға 15 млн теңге бөлінді. Қарасай-Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне 2023 жылы 22,5 млн, Абылайхан резиденциясына 2022 жылы 21,9 млн теңге жұмсалады», - дейді Досбол Әбдіриісов.
Бұдан басқа СҚО-ны 2021-2025 жылдары әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспары аясында «Қызыл Оба», «Ақ-Ирий», «Байқара» археологиялық ескерткіштерінде ауықмды жұмыстар жүргізіледі. Осы мақсатқа 202 млн теңге кезең-кезеңмен бөлінбек.
Петропавлда биыл «QYZYLJAR art center» атты өз арбаты пайда болмақ. Арт-орталық үш аймақтан: сауда павильонынан, ақпараттық-көрме орталығынан және қолөнер шеберлерінің шеберханаларынан құралмақ.
Ақан Сері атындағы облыстық филармония ғимараты да жөнделеді. Өлкетану музейінің экспозиция залдары жаңарады. Облыс орталығында жергілікті суретшілерге өз көрмелерін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін «BOTAI» заманауи көркем галерея пайда болмақ.
«Петропавлда ХХ ғасырдың басында алты тастан қаланған және үш ағаштан істелген мешіт болған. Солардың бірі – көпес Дәулеткелдиевтің 1870 жылы салынған мешіті. Тастан қаланған мешіт қазір Киров атындағы зауыттың аумағында орналасқан. Оның бұрын мешіт болғанын қасында сақталған мұнарасынан байқауға болады. Бұл – 19 ғасырға жататын Ислам мәдениетінің ескерткіші», - дейді СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Досбол Әбдіриісов.
