06 там, 2025 сағат 11:35

СҚО-да білім бөлімінің бухгалтері 39,8 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды

Фото: Pexels.com

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында білім бөлімі бухгалтерінің бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс сот үкімімен аяқталды, деп хабарлайды Ult.kz.

Прокуратура органдарының мәліметінше, лауазымды тұлға 2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың сәуіріне дейін аудан мектептері қызметкерлерінің атына жалған жалақы аударып, 39,8 миллион теңге көлемінде қаражатты заңсыз иемденген.

Аталған факті бойынша 2024 жылдың 11 маусымында Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

2025 жылдың 28 наурызында Айыртау аудандық соты күдіктіні кінәлі деп танып, оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік және қаржы ұйымдарында материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан да 7 жыл мерзімге айырылды. Үкім заңды күшіне енді. Залал мемлекетке толық көлемде өтелген.

Бұдан бөлек, 2024 жылы енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің негізінде бөлім басшысы да қызметінен босатылды.