04 қаз, 2022 сағат 11:53

Соңғы екі аптада Қазақстанға қанша Ресей азаматы кірді?


Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов көрші елде ішінара мобилизация жарияланғалы бері елге қанша ресейлік кіріп-шыққанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үкімет отырысынан кейін журналистер министрден 21 қыркүйектен бері Ресейден Қазақстанға қанша адам кіргенін сұрады.

"Мәселе бақылауда. Қазақстанға 200 мыңнан аса Ресей азаматы кірді. Бірақ бүгінгі таңда елден 147 мыңы шығып кетті", - деді ол.

Ахметжанов Ресей азаматтарының кіруіне ешқандай шектеулер болмайтынын айтты.

"Мобилизация жариялаған кезде шекарада үлкен кептеліс болғаны рас. Дегенмен кешеден бері көші-қон бұрынғы қалпына келіп жатыр. Мысалы, кеше елімізге Ресей Федерациясының 7 мыңнан аса азаматы кірсе, 11 мыңға жуығы басқа елге кетті", - деп қосты ол.