19 қыр, 2016 сағат 09:19

Сопылық ілім дегеніміз не?

Тарихат жолын ұстанып, сопылық ілімді меңгерген Ұлы Аталарымыздың біздерге аманаттап кеткен Ислам діні  «Дәстүрлі дін» деп аталады.

Осы «Дәстүрлі дінімізді» ұзақ жылдар бойы зерттеу барысында өзімнің көз жеткізген дүниелерімді Сіздермен бөліскенді жөн көрдім.

Негізгі ұлы діндердің бәрі қазіргі қазақтың ата-бабаларының арасында дүниеге келген, ең алғашқы Алланың хақтығын танып, дін деген ұғымды дүниеге әкелгендер солар.  Өзге елдердің дініне «дәстүр» деген сөздің қосылмайтыны осыдан.

Аталарымыздан аманатқа қалған мұсылмандықтың бес парызын сақтай отыра, ата-бабаларымыз ұстанған тарихат жолымен жүру, соны ұстану, өзге дінге өтпеу, жат ағымға ермеу, ата-бабаларымыздың өлі де аруағын, тірі де өзін сыйлау, әулиелерді құрметтеу, ұрпақ қамын ойлап, артыңа ұрпақ қалдырып, оны мұсылмандыққа тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен тарихты дәріптеу, тіліңді жоғалтпау, ұрпаққа үлгі болу, Атамекенді сүйіп, туған жеріңді көзіңнің қарашығындай қорғау. Ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен үндесіп, қабысып кеткен Ислам діні, яғни дәстүрлі дініміз қазақ мәдениетінің алтын діңгегі болып табылады. Аталарымыздың «Дін діңгегің» дейтіні осыдан.     

Тарих тағлымы: Діңгегі әлсіз заттың да, діңгегі (діні) әлсіз елдің де өмір жасы ұзаққа бармайды.

Түсініктеме: «Тарихат» деп аты айтып тұрғандай, бұл жол Ата-бабаларымыздың өткен тарихын  зерттейді. Бұл ілім: Сопылық ілім, Хал ілімі, Ар ілімі, Хақ ілімі деп те атала береді. Бұл бүткіл жер бетіндегі Адамның жан дүниесін зерттейтін жалғыз ілім. Жер бетінде бұған тең келетін ілім жоқ. Себебі, өзге діндердің бәрі адамзатқа  кітап арқылы жетсе, бұл ілім адамдарға жан-жүрегің арқылы жетеді.

Қазақ даласының, яғни Алтын Орданың исламдануы Х1Ү ғасырдың бірінші жартысында Тоқтыдан кейін таққа отырған Тоғлық Темірдің Өзбек хан (1312-1342) мен оның ұлы Жәнібек хан (1342-1357) тұсында толық аяқталды.

Қазақ халқы имандылықты аса қадірлейді. Имансыз адам барып тұрған есер, жауыз, қайырымсыз, көрсоқыр, қасиетсіз, яғни адамгершіліктен жұрдай адам саналады. Ондай жандардан есін білгендер көш жер қашық жүргенді тәуір көреді. Тіпті о дүниеге аттанарда да адамға: «иманың жолдасың болсын» деген тілек айтылады. Қазақта адамға берілетін ең жоғарғы баға «иманжүзді» деген аса қастерлі бір ауыз сөз бар. Осы бір ауыз сөзге бәрі сыйып кеткен.

Ислам діні бүкіл жер бетіндегі ең жас дін. Солай болса да осы Исламды мойындаушылар бүгінгі таңда саны жағынан екінші орынға шығып отыр. Әлі де күннен-күнге көбейіп келеді. Былай қарасаң, өзге діндегі миссионерлер сияқты, мұсылман діндарлары Исламды уағыздап, әртүрлі жолдармен (іштерінде алдап-арбау, ақшамен қызықтыру, қорқытып-үркіту, т.б.) қатарына тартып та жатқан жоқ. Тіпті біле білсеңіз, мұсылманда ондайды үлкен күнәға санайды. Бірде-бір таза мұсылман діндарлары өзге діндегілерді мұсылман болуға уағыздамайды.

Неге бұлай? Бар мәселе Алланың хақтығында және оның елшісі Мұхаммед пайғамбар арқылы Құранның бізге жетуінде.

«Құран» деген сөздің өзі «оқу» деген мағынаны білдіреді. Алла тағаладан Мұхаммед арқылы бірінші түскен Алақ сүресінің өзі «оқы» деген сөзден басталады:

«Жаратқан иенің атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің тәңірің – ең жомарт! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін білдірді» (Құран Кәрім, Алақ сүресі. 1-5 аяттар).

Алла тағала адамзатты он сегіз мың ғаламның қожасы, иесі етіп жарата отырып, бұларды игеруге шақырады. Құран Кәрімде көрсетілген табиғи құбылыстар, әртүрлі ағымдағы ілімдер, көзқарастар, ойлар адамдардың ғылымды игеруінің нәтижесінде химия, физика, математика, астрономия, биология, тағы сол сияқты ғылым салалары болып бөлінген. Ислам дінінің бір ғана Орта Азия мен Қазақстанда орнығуы осы өлкелерден дүниежүзіне танымал Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри, Әбуали ибн Сина (Авиценна), әл-Бируни, Фердауси, Низами, Жүсіп Баласағұни, т.б. көптеген ғұлама-ғалымдардың шығуына жол ашты.

Бүкіл әлемде өзге діндегі сан мыңдаған ғұлама-ғалымдар мен оқымыстылар, әдебиет пен өнер қайраткерлері Ислам дініне беріліп, Құран-Кәрімді оқып, оның таңғажайып ғибратына таң қалып, соның негізінде шығармалар жазды. Құран Кәрімнің бір аятында «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады» делінсе, тағы бірінде «Пенделердің ішінде Алладан шын мәнінде ғалымдар ғана қорқады» делінген. (Қ.К. «Әл-Анкәбут сүресі, 43, 28 аяттар). Өмірдің қыр-сырын түсінетін жеткілікті білімі бар Құранды оқыған кез-келген адам Ислам дінін қабылдайды, деп жазды француз академигі Морис Букас. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой да қартайған шағында «Кез келген саналы адамның соңғы табан тірейтін жері - Ислам» деп ой қорытып,  Ислам дінін қабылдағанын көбіміздің біле бермейтініміз анық. Лев Толстой әлемдік бес ұлы дінді өмір бойы зерттеп өткен ғұлама-ғалым адам. Ол жайлы Имам Валерия Порохова былай деп жазады. «Лев Толстой «Мені дін мұсылман санаңыздар» деген сөзін Құранды оқығаннан кейін айтқан. Ұлы жазушының мұсылмандық ғұрыппен жерлегенін білесіз ғой? (Павел Басинскийдің жақында жарық көрген «Лев Толстой: бегство из рая» кітабында жазушының жер қойнына тапсырылған шағын суреттеген тұста «Тело Л.Н. положили в дубовый гроб, без креста на крышке», «Толстого хоронили, как  он и завещал, «без церковного пенья, без ладана», «без торжественных речей» деген сөйлемдер бар. Бұл қаламгердің христиан дініне сай жерленбегенін көрсетеді. Қазір бүкіл әлемде исламның өте қуатты экспансиясы бой көрсетіп отыр. Иә, интеллектуалдық экспансиясы. Адамдар имансыздықтан, ақшаның соңына түсуден, ұдайы көңіл көтеруден шаршап бітті. Адамдар парасаттылықты, тазалықты іздейді. Ал оның бәрі исламда тұнып тұр. Исламда жаратқан Ие  мен адамның арасында бітістіруші, келістіруші, шын мәнінде делдал тұлға жоқ. Мұнда өзге діндегідей жасарыңды жасап алып, жексенбі күні күнәңді шіркеудегі діндардың кешірімімен жуып-шайып кете алмайсың. Исламда әр күнә үшін жауап беріледі. Ол үшін тәубаға келу аздық етеді, жасаған жамандығыңның орнын жақсылық жасаумен ғана толтыра аласың» («Егеменді Қазақстан» газеті. 24 қараша 2010 жыл). Тере берсек мұндай мысалдар шаш етектен.

Ол ол ма? Әлемге әйгілі ағылшын ғалымы, дін зерттеуші Ричард Белл былай деп жазды: «Еуропа үлкен құлдырау жолында тұр. Салтанатты сарайлардың саясында жан күйзелісі, ақылдан адасу, өзіне қол салу, ұятсыздық, нашақорлық, маскүнемдік, әйел зорлау, қарақшылық, әр түрлі жыныс аурулары ақылға сыймастай өте көп мөлшерде қозып жатыр. Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сенімі жоғалды. Өлім үрейі барлығының жүрегін толықтай жаулап алған. Отбасының бірлігі бұзылып, мүшелерінің арасындағы байланыс үзілген. Мемлекет басшылары бұл жағдайдан шығудың жолдарын таба алмай дал болуда. Зиялы қауым рухани жұтаңдықтан әрекетсіз. Еуропаның алдында жалғыз жол тұр. Құтылудың жалғыз жолы – Ислам жолы. Басқа таңдау жоқ?»

«Сонымен біз Исламда қалуға тиіспіз... Мен бұған басқа ештеңе қоса алмаймын» (Иоганн Гете).

Меніңше бұған ештеңені алып-қосып, түсінік берудің қажеті болмаса керек. Біздің көптеген жастарымыз еліктеп жүрген АҚШ, батыс мәдениетіне сол елдің атақты ғалымының аузымен өте салиқалы да, әділ бағасы берілген. Ал біз қолда бар алтынымызды бағалай алмай, өзгенің тот басқан теміріне қызығып жүрміз.

Сол сияқты Құран туралы кейбір Қазақстандық атеистердің ішінде оны тілі жұтаң және қисынсыз құрастырылған деп, қасиетті кітаптың ішіндегі жайлардың терең мазмұнын талдап оқымай-ақ теріс баға беретіндері кездесіп жүр. Мысалы, Х.З.Ақназаров: «Құран тіл байлығы өте кедей, ертедегі араб тайпасы – куфа тілінде, түсініксіз қара сөзбен жазылған» деген пікір айтты. (Ислам діні және өмір шындығы. – Алматы, 1977ж., 18 бет). Тағы бір ғалым-атеист: «Құран - әр тұста жазылған, түрлі авторлардың діни көзқарастарының жиынтығы. Оның мазмұнының шым-шытырық, бір-бірімен байланыссыз болуының себебі де міне осында. Құранда айтылатын уағыздарда реттілік, қисынды байланыс жоқ, былайша айтқанда, діни жорамалдар қалай болса солай, құрастырыла салған» деп жазады А.Сұрапбергенов. (Ислам дінінің редакциялық мәні, Алматы, 1979ж., 20 бет).

Осылайша жер бетіндегі адамзат баласына түскен қасиетті Құранды жоққа шығарушылар оның Алла тарапынан келген, Құдайдың сөзі екенін жоққа шығарып, «Құранды әлдебір адам қолымен жазды» деген пікірлер айтып жүр. Ал, шындығында, Құранды қолға алып, зер салып оқыған адам, оның шын Құдай сөзі екенін бағамдары хақ. Осы Құранның тағы бір кереметін ғалымдар анықтап отыр. Ғалымдар Құранның сырын білу мақсатымен оның аяттары мен сүрелерін қаз-қатарынан тізіп, олардың ұштасатын жерлерін қосып, қандай таңба шығатынын байқап көрмек болады. Нәтижесінде ырасымен де адам баласы таңданарлықтай «Аллаһ» деген жазу шыққан. Ақылы шектеулі адамның, бүкіл Құранды осылай құрастырып жазып шығуы мүмкін бе?! Ендеше Құранның Алла тарапынан келгені де ешқандай дау тудырмауға тиіс.

Ислам тарихында исламтанушы ғұламалар Мұхамедтің мирасқорлары ретінде көрсетіледі. Ол ақырғы Пайғамбар болғандықтан, ғалымдар Мұхамедтің ісін алға апарушы болып саналады. Бүгінгі заманның ағымымен қарағанда ол екеуінің арасында айырмашылық жоқ. Ғылымы дамыған елдердің өркениетке жетіп жатқандығын әлемнің алдыңғы қатарлы көптеген мемлекеттерінің тұрмыс тіршілігінен бағамдауға болады. Ислам ғалымдары мұсылманшылықтың бес парызын өтеумен ғана шектеліп қоймай, әлемдік деңгейдегі алуан түрлі ғылымдардың дамуына алғашқылардың бірі болып жол салғандығын тарихи деректер дәлелдеп отыр.

ХІІ ғасырға дейінгі Шығыс халқының ғылымы көптеген басқа шетелдерге үлгі-өнеге боларлықтай сатыға көтерілді. Сол өскелең өнер – ғылымның биік өрісін, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген, қазақ ғұламасы әл-Фараби бабамыздың еңбектері әлемге паш етті. Оның «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Мәселелердің түпкі мазмұны», «Жұлдыз бойынша болжамдар», «Вакуди туралы трактат» атты еңбектерінің және Платон, Аристотель, Птолемей, Порфирий шығармаларына жазған түсініктерінің маңызы өлшеусіз ерекше болды. Тіпті ұлы бабамыз ауа қысымын зерттеген италиялық ғұлама Торигеллиден бірнеше ғасыр бұрын ауа қысымын өлшейтін құралдар жасап, ғылыми тәжірибелерін жүзеге асырған.

ХІІІ ғсырдан бастап Ислам ғалымдарының көптеген еңбектері латын тіліне аударылып, Батыс Еуропа елдеріне тарады. Бұлардың ішінде әл-Фарабидің музыка, философия, оптика, геометрия, астрономия, медицина салаларына арналған ғылыми шығармалары болды.

Ғылыммен айналысқан ғалымдар, оқымыстылар Исламнан басқа діндерде, әсіресе Батыс елдерінде көп қуғынға ұшыраған, тіпті өлім жазасына да кесілгендері болған. Мысалы, жердің дөңгелек екенін айтқан Италия ғалымы, философ Джордона Бруно ХVІ ғасырда шіркеу сотының үкімімен «күнәкар» деп жарияланып, тірілей отқа өртелген.

1589 жылы 25 жасында Пиза университетінің профессоры атағын алған ұлы ғұлама Галилео Галилей жердің айналатынын дәлелдегені үшін шіркеу сотына берілген. Осы сотта ол жердің қозғалмайтынын мойындаймын деп жазылған қағазға зорлықпен қол қоя тұрып, «бірақ ол сонда да қозғалуда» дегені үшін Римдегі христиан сотының шешімімен үш жыл зынданға қамалған, қалған өмірін соттың бақылуында өткізген. Галилей 1642 жылы қайтыс болғанда, шіркеу оны христиан мазарына жерлетпей қойған.

Сол сияқты испандық философ Липель Сервет қан айналысын зерттегені үшін ХVІІ ғасырда тірідей отқа өртелді, ал орыс патшасы Иван Грозныйдың дәрігері адамның мүше құрылыстарын зерттеу мақсатында өлікті сойғаны үшін дарға асылды.

Ислам діні мен дүниетану ғылымы мың жарым жыл бойы бір-бірімен ажырамай қатар дамып, Қасиетті Құран Кәрім өзінің құпиясымен әлі де адамзат баласын таңдандырумен келеді.

Қазіргі өркениетті дәуірдің өзінде де Құран Кәрімдегі кейбір аяттардың ғылыми сыры толық ашылмай жатыр. Мысалы, Алла тағала бір аятта: «Ей, екі топ (адамдар мен жындар тобы)! Егер сендер (Алланың бұйрығынан қашып) аспан мен жердің шекарасынан өтіп кете алсаңдар, өтіп байқаңдар. Ол үшін төтенше қуат керек (ол қуат сендерге қайдан келсін?)» (Рахман сүресі, 33 аят) деген екен. Ал осы аяттың мәні бүгінгі заманда ғана анықталды. Өткен ХХ ғасырда түрлі ғылымдар бірігіп, күш қуаттарын бір орталыққа бағындырып, ғылыми ізденістер жасауының арқасында қуат көзі табылып, адамзат ғарышқа ұшуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ жеті қабат жер астынан пайдалы қазбалардың кені ашылды. Ал, енді «жындар тобына» келсек, бұл ғаламда адамзат жалғыз емес, бұл дүниеде бізден де басқа «параллелль» өмір бар дегенге саятын сияқты. Бұған көз жеткізу әрине келешектің ісі.

ХІІІ ғасырдың басында ағылшын елінде тас көмірдің иісі жаман, әрі түтін шығады деп қолдануға тыйым салынған. Біздің бабамыз Махмуд Қашқари «Диуаны Лұғат от-Түрік» атты еңбегінде көмір туралы мағлұматтарға тоқтала келіп, түрік елдерінде көмірдің жиі пайдаланатынын айтады. Ол жөнінде Құранда «Барлығын жаратқан, оларды әдемі мүсіндеген, бәріне пайдалы жол көрсеткен, кең жайылымдар жасаған, кейін қуратып, қоқысқа айналдырған Тәңірдің есімін ардақ тұт.» (Әғла сүресі, 2-5 аяттар). Құран тафсирлеріндегі түсініктемелерде Алла тағала жайылымдарда әр түрлі шөптер, ағаштар, өсімдіктер өсіріп, сонан соң бұларды қап-қара тыңайтқыштарға кейін көмірге айналдырады деп жазылған.

Әлем ғалымдары адам баласының топырақтан жаратылғанын ХХ ғасырдың басында зерттеп, біліп, жаңалық аштық дегенде, Ү11 ғасырда түскен Құран Кәрімде адамның Дарвин айтпақшы маймылдан емес, топырақтан жаратылғаны тайға таңба басқандай анық жазылып қойылған еді.

Құранда адамзат баласының жаратылысын  дәлелдейтін бірнеше сүрелер бар. Осыларды оқып, ұғынған адамға бұл деректерге сенбеуі мүмкін емес деп тұжырымдауға болады. Бұл тұжырымдарды соңғы ғасырда ғылымда толықтай мойындады. «Адамды біз топырақтың ең асылынан жараттық (12). Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға (жатырға) орналастырдық (13). Одан әрі ұрықты ұйыған қанға айналдырдық. Ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік, одан соң сүйекке ет қондырдық, оған (жан кіргізіп) басқадай жаратылысқа айналдырдық... Аса шебер жаратқан ием (хикмет те, құдірет те) барынша ұлы (14)» (Мүьминун сүресі, 12-14 аяттар). Енді бір мезет «Зумар» сүресінің 6 аятына көңіл аударайық, онда: «Сендерді Алла әуелі бір адам етіп жаратты, сонан соң қастарыңа жұп жаратты. Сендер үшін сегіз жұп етіп, хайуанат берді. Ана құрсағында сендерді бір түрден екінші түрге (тұлғаға) ауыстырып, соның бәрін үш қараңғылық (құрсақ, жатыр, қағанақ) ішінде жетілдірді. Сендердің Тәңірлерің, әне, сол Алла. Патшалық (тек) соған лайық, одан басқа ешқандай Тәңір жоқ. Ендеше, неге теріс бағасыңдар?» деген Алла тағаланың хақ сөзі бар.

Бір америкалық Нобель сыйлығы лауреатының: «Егер мен Құранды осыдан 20 жыл бұрын оқығанымда Нобель сыйлығын осыдан 20 жыл бұрын алар едім» деген. Эмбриология бойынша еңбегі үшін Нобель сыйлығын алған канадалық Кейт Мор Жаратқан иеміз сонау Ү11 ғасырдың өзінде Сауд Арабиясының құмды даласында, микроскоп та, ультрадыбыс та жоқ кезде эмбриология құпиясын пайғамбардың аузына салғанына қайран қалады. Құранда бала үш қабатты қапаста өсетіні айтылған. Микроскоп пен рентген шыққан кезде ана жатырының үш қабатты екендігі анықталды емес пе?!

Осы жерде бір айта кететін нәрсе – Құран Кәрімде қаны жақын адамдардың бір-біріне үйленуіне шек қойылғаны хақында. Бұл мұсылмандарға тектен-тек айтыла салған уәж емес. Ислам діні жан тазалығы мен қан тазалығына ерекше мән берген. Бұдан дүниенің табалдырығынан аттайтын жас ұрпақтардың дені сау, ақыл-есі бүтін, түр-тұлғасы көрікті болуына баса назар аударғанын байқаймыз. Ал, қан тазалығына, яғни генетикаға байланысты жаңалықтар кешегі өткен ғасырдың басында ғана ғалымдарға белгілі болған.    

Құран Кәрімде мұнайдың (қарамайдың) жаратылуы хақында нақты дәлел келтірілген: «Ол, Алла жайылымдарды шығарды, сонан соң оларды қап-қара сел суына айналдырады!» деген аятта мұнайдың жаратылуы өте түсінікті және анық көрсетілген. Қазіргі ғылымда да мұнайдың пайда болуын дәл осылай баяндайды. Сан миллиондаған жылдар бұрын жер шарын қалың ағаш желектері жауып тұрған, осы жасыл желек орасан мол мөлшерде оттегін шығарып, атмосфераны толтырған, сонан кейін ғасырларға ұласқан күшті зілзаланың салдарынан ағаштар жер астында қалған және миллиондаған жылдар өткенде мұнайға айналған. Алладан келген жаңағы аятта мұнайды қара су емес, қара сел суы деп атайды. Өткен ғасырдың аяғында ғана бірнеше ғасырлар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде мұнайдың жер қыртыстары арасында сел болып ағатыны дәлелденді. Бұл ғылыми жаңалық Алла тағала тарапынан адамзатқа жіберілген Құранда осыдан он төрт ғасыр бұрын айтылған.

Дүние жүзіне әйгілі су астын зерттеуші ғалым Кусто зерттеулері кезінде таңғажайып құбылыстың куәсі болған. Атлант пен Тынық мұхитының ұштасқан жеріне келгенде, бұл екі мұхиттың араларын көрінбейтін перде бөліп тұрғанын, бірінің балығы екіншісіне өтпейтіндігін байқайды. Тіпті бірінің суы ащы болса, екіншісінікі тұщы және бір-біріне араласпайды. Осы құбылысты көріп, «жаңалық аштым» деп жар салғанда тағы да Құран аяттары бұл жаңалықтың осыдан он төрт ғасыр бұрын жарияланып, жазылып қойылғанын көрсеткен.

«2001 жылғы 11-қыркүйекте АҚШ-та орын алған оқиғаны шын мәнінде кімдер жасағаны әлі күнге күмәнді. Ал сіз осы оқиғанының 14 ғасыр бұрын қасиетті Құранда айдан анық айтылып қойылғанын білесіз бе?

Қасиетті Құранның 11-парасы, 9-сүресінің («Тәубә» сүресі) 110-аятында «Олардың салған құрылыстары, жүректері быт-шыт болғанға (өлгенге) дейін үнемі көңілдерінде күдік болған бойда қалады. Алла толық білуші, хикмет иесі». Мұны біз Халифа Алтай аударған Құран Кәрімнің қазақша мағынасы және түсінігінен алып отырмыз. Мұны ауызекі тілде түсіндірсек, былай: кәпірлердің салған ғимараттары қирайды, бірақ оны кім қиратқанына олар өлгенше күмәнданып өтеді» болып шығады.

Бір қызығы, бұл «Тәубә» сүресі 2001 әріптен (арабша) тұрады. Яғни 2001 әріп  2001 жыл, 9-сүре  9-ай, яғни қыркүйек айы, ал 11-пара  11-қыркүйекті білдіреді. Ал 110-аят Нью-Йорктегі 110 қабатты құлап-қираған ғимаратты айқындап тұр...

Міне, Құранның ғажайып ақиқатының миллионнан бір бөлшегі. (Т.Тәшенов «14 ғасыр бұрын айтылған ақиқат» 27.02.2016 жыл "Айқын" газеті).

«Нигерияның батыс оңтүстік аумағы Лагос облысының тұрғыны 32 жасар Киклемо Илори жуырда босанған еді. Сәби ана құрсағынан туылғанда алақанында Құран Кәрім кітабын ұстап туған, деп жазады muftyat.kz сайты Намыс.кз-ке сілтеме жасай отырып.

Елдімекендегі әйелдер дәрігері Тавак: “Біз өте таң қалдық. Бала қалайша Құран кітабын ұстап туғанынан анасы да бейхабар. Біздің пайымдауымызша, Киклемо Илори жүкті болудан бұрын Құран кітабын байқаусыз жұтып қоюы әбден мүмкін. Бірақ тамағында қалды десек ана құрсағына Құран кітабы баруы мүмкін емес. Сондықтан бізді таң қалдырып отыр” дейді.

“Баламды 10 ай көтердім, сол уақытта қолында сыртқы затты алақанында ұстағаны маған еш білінген емес”,- дейді Киклемо Илори. Ата-анасы баласына Устадз Абдуль Рахман деген ат қойыпты.

(27.07.2012 жыл «Нұр Кз» газетінде (https://www.nur.kz/225289-nigeriyada-nereste-kolyna-kyran-ystap-tudy.html) жарық көрген).

Осы заманғы аппаратура қолға тигеннен кейін ғана геологтар таулардың тұтас тұрқының он бестен бір бөлігі ғана жерден көтеріліп тұратынын білген. Ал Құранда Алла атынан Жерді жаратқаны, оны таулармен бекітіп қойғаны, былайша айтқанда, таулар жердің зәкірі сияқты екендігі жазылған.

Орыстың аса көрнекті ғалымы Андрей Лапин исламды қабылдау үшін Құрандағы әр өсімдік пен әр жан-жануардың өзінің биоөрісі болатыны айтылған бір аяттың өзі жетіп жатыр деп санайды. Ал биоөріс тек кейінгі кезде, молекулярлық биологияны зерттеу барысында ғана ашылған жаңалық болатын.

Өткен жиырмасыншы ғасырдың аяғында әлем ғалымдарымен толықтай мойындалған тұжырымда (бұл тіпті соңғы жылдары 9 сыныптың оқулығына да енген), нейтронды жұлдыздың (жұлдыздың термоядролық реакциясы тоқтап, жану процесі сөнгенде, орасан күшпен, жылдамдықпен ішіне қарай жиырылып сығылуы, қара құрдымға айналу процесі) тығыздығы 10 68 т/см3 деп көрсетілген. Ғарышта сөніп жатқан жұлдыздар тіркелуде. Жұлдыздар сөнгенде өз массасын ортасына қарай алапат күшпен қысады. Егер осындай күшке жер тап болса, радиусы 1см3 шарға айналар еді. Нейтронды жұлдыздың тығыздығы шексіздікке қарай өсуде.

Ғалымдардың болжамы бойынша ғаламда 200 млрд галактика бар, әр галактикада 200 миллиардтай жұлдыз бар көрінеді, сонда бұл 4.1022 (төрт жүз квинтиллион) жұлдыз бар деген санды білдіреді.

Жарықтың жылдамдығы 300 мың км/сек екендігін ескерсек, шартты түрде бір нүктеден жіберілген жарық бір жылда 10 трл км жолды жүріп өтеді, бұл бір жарық жылы деп аталады. Қазіргі заманның есебі бойынша ғарыштың бір шетінен екінші шетіне 10 мың жарық жылы жүріп жете алмайтын көрінеді. Міне, осындай ғаламда, бірлі-жарым сөніп жатқан жұлдыздар нейтронды жұлдыз болып тіркелуде.

Егер біздің күнді орташа жұлдыз десек, күннен ондаған-жүздеген есе үлкен жұлдыздар бар делінуде. Біздің күннің диаметрі  1 млн 300 км екені белгілі. Осыған сүйене отырып, егер, диаметрі 5 млн. км жұлдыз сөнсе, онда диаметрі небәрі 10-15 км шар болып, нейтронды жұлдызға айналған болар еді. Мұндай, өте тығыз нейтронды жұлдыз айналасындағы заттарды өзіне үнемі жұтады да отырады. Қара құрдым (черная дыра) дегеніміз осы.

Жерде зат төрт күйде болатыны белгілі, олар қатты, сұйық, газ және плазма түрінде. Ал, ғарыштағы сөнген жұлдыздың күйі, сингулярлық деп аталады (бұл бесінші күй, қарақұрдым, латыншасы пульсара). Осыдан сингулярлық күйде ядролық заттар бірігіп, сығылып, нейтронға айналып кетеді. Ал, нейтрон дегеніміз электрлік бейтарап элементар бөлшек, заттың атомының ядросында тұрғанда салмағы протонның салмағына тең. Нейтрон жеке тұрғанда бірнеше минут қана өмір сүреді. Ол заттың ядросында протонмен қатар тұрғанда ғана ұзақ тұрады. Егер, протон оң зарядты десек, электрон теріс зарядты, ал нейтронның заряды болмайды, бейтарап күйде болады. Бейтарап элементтер бөлшектердің табиғаты белгісіз, әлі зерттелу үстінде.

Демек сөнген, нейтронды жұлдыздың тығыздығы дегеніміз, шамамен біздің жердің массасын сығып, оймаққа сыйдыру деген сөз. 

Енді,  Құран кәрімге жүгініп көрейік. Бұл сұрақтың жауабы Құран кәрімдегі «Иасин» сүресінде былайша берілген.  39-аят: «Айдың да тұрақты орнын белгіледік. Кәрі құрманың қураған бұтағындай болғанға шейін ол аспанда кезіп жүреді». Бұл аяттың мағынасына үңіліп, қураған бұтақты қаламсапқа теңесек, қаламсаптың өлшемі 1 см³-ке шамалас.

Бұл жағдай қазақтың ежелгі шежіре-дастандарын да Алла тағала 18 мың ғаламды «тарының қауызына» сыйдыра алады деп тұжырымдалған.

Ұлы ғұлама ибн Синада Алла тағаланың құдіретіне ешбір шек келтірмеген. Өз еңбектерін: «Алла тағаланың атымен бастаймын! Бар мадақ әлемді билеуші Аллаға оның пайғамбарларына жарасады» деген сөздермен бастап отырған. Мәселен, «Нәжат» атты кітабында су мен ауа қысымдары ғылыми тұрғыда зерттеледі және соған байланысты нақты мәліметтер келтіріледі. Осы зерттеудің қорытындысының Құран Кәрімдегі Әнғам сүресінің 25 аятымен тығыз байланысты тұрғанын байқауға болады. Аятта былай делінген: «Кімді дұрыс жолға салғысы келсе, Алла оның көкірегін Ислам үшін кең ашады. Ал кімді аздырғысы келсе, оның көкірегін тарылтатыны сонша, (илану) олар үшін көкке шығудан да қиын сезіледі ...» (Құран Кәрім, Әнғам сүресі, 125 аят).

Енді Құран аятының кереметін қараңыз: қазіргі ғылыми тәжірибелердің дәлелдегеніндей, әр жүз метр биіктікке көтерілген сайын ауаның қысымы да бір градусқа азайып, яғни тыныс алу қиындай түседі екен. Мысалы, 15-16 мың метр биіктікте ауа қысымы төмендеп, қан қысымы жоғарылайтындықтан қан тамырлары жарылып кетуі, ал 22 мың метр биіктікке көтерілгенде кеуде тарылып, оттегінің жетіспеуінен адам өліп кетуі мүмкін көрінеді. Мұхаммед Пайғамбардың өмір сүрген аймағында мыңдаған метрге жететін таулардың болмағанын, оның жазық шөлді далада туып өскенін ескерсек, онда осы мәліметтің оған Алла тағаланың тарапынан жіберілгенін мойындамай тұра алмаймыз. Демек, Құран Кәрім – Мұхамедттің сөзі емес, жаңағы аятта айтылғандай, бұл қағидалар Алланың өзінен болғанына шүбә келтіруге болмайды.

Жиырма бірінші ғасырдың басында діннің саясаттануы қатты күшейіп кетті. Саясат деген өтпелі нәрсе. Демек, дін әу бастағы тазалығын сақтап тұруға тиіс. Дін саясаттанған жерде ол қолы лас, жаны лас адамдардың құралына айналмай қоймайды. Қазір мұсылмандардың талайы билікке моральді аяққа таптаған, рухтан безінген адамдар келген мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Террорлық актілерді ұйымдастырушылардың мұсылман елдерінен көп шығып жүргені бүкіл исламның жақсы атына кір келтіруде. Исламдық құндылықтар деформацияға ұшырағалы бері де біраз уақыт. Мысалы, Ауғаныстанда дін ислам бар деп айтуға бола ма? Жаратқан иеміздің құранды пайғамбарымыздың құлағына құйғандағы бірінші «Оқы!» деген сөз. Ал тәлібтер кітапқа тыйым салды.

Дәстүрлі құндылықтардың құлдырай бастағанының бір белгісі – фитна. Мойынсұнбау, бүлік, бұлғақ атаулының бәрі – фитна. Радикальді мәзһабтың негізін салған Ибн Ханбал діннің діңгегін шайқап, қоғамдық моральды бұзатын ең алдымен осы фитна деген. Ол тіпті нашар биліктің өзі фитнадан жақсы деген.

Жалпы, ислам барынша бейбіт дін ретінде қан төгудің қандай түрін де айыптайды. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) даналығына құлақ салсақ, бір хадисте егер екі мұсылман бір біріне семсер сілтессе, онда өлген адам да тозаққа барады делінеді. Пайғамбарымыздан: «Жарайды, өлтірген адам тозаққа барсын, ал өлген адам неге барады? деп сұрағанда, «ол өлтірмек ниетте болғаны үшін барады» деген.

Құран – білімнің қайнар бұлағы. Құранда келешекте адам баласы қандай ғылыми жаңалықтар ашады, яғни Ұлы Жаратушы-Алла жасаған мынау жаратылыстың қандай құпия сырларын білетін болады, соның бәрінің жауабы жазылған. Тура математикалық есептердің жауабы сияқты. Ғалымдардың шамалауынша, қазірге дейін Құран мәтінінің небәрі 10 пайыздайының ғана мәні ашылған, қалған 90 пайыздайы өз уақытын күтіп жатыр. Қазіргі ғалымдардың жаңалық аштық деп, жар салып жүргендерінде олар ашқан жаңалықтарының жауабы Құран Кәрімде жазулы тұрғаны, ғалымдарды таң қалдыруда. Солардың барлығы Ислам дінін қабылдап жатыр. Бұның да жауабы Құранда күні бұрын көрсетілген. Онда Мені ең бірінші болып ғалымдар мойындайды, менен ғалымдар ғана қорқады делінген. Құран Кәрімде Алла тағала Адамды жаратқалы бергі олардың бастарынан өткен жақсылығы мен жамандықтары жайлы айқын баяндай отыра олардың өмірінен әртүрлі мысалдар келтіреді. Демек, Құран тұнып тұрған тарих. Бұл дегенің «тарихатқа» жүгінбей бұл киелі кітаптың сыры адам баласына толықтай ашылмайды деген сөз. Мысалы, Құранда баршамызға белгілі 114 сүре бар. Осы 114 cүренің 16-cынан басқаларының бәрінің алдына Әл (Ал, Алаш, Алшын) - 64, Әт (Ат, Ата) - 9, Ән (Ан, Ман, Ана) - 9, Әз (Аз, Қаз, Қазақ) - 4 , Әш (Аш, Ашур) - 4, Әс (Ас, Қас, Қас би) - 3, Әр (Ар, Арыс, Арап) - 2, Әд (Ад, Ада) - 1, Әли (Али, Ғали) - 1, Иа (Қиян, Иафес) – 1 деген алғашқы аталарымыздың (ру, тайпа, қауым, ел) есімдері қойылған. Бұл есімдер Құран сүрелерінің Алла тарапынан кімдерге қатысты уәхи етілгенін көрсетеді.

Алла тағала барлық дүниені қос-қостан жаратқан: аспан мен жер, күн мен ай, ер мен әйел, өмір мен өлім, жақсы мен жаман, ақиқат пен жалған, мейірім мен қатыгездік т.т. дейтін ұғымдарымыздың бірінсіз-бірінің күні жоқ. Бірі болмаса, екіншісінің бар-жоғында біле алмаймыз. Құран Кәрімде міне осы ұғымдардың барлығының тепе-теңдігі мүлтіксіз сақталған. Мысалы:

1. «Дүние» сөзі 115 жерде – «Ақырет» сөзі де 115 жерде кездеседі.

2. Періштелер жайлы 88 жерде – шайтандар жайлы 88 жерде айтылып өтеді.

3. «Адамдар» сөзі 50 жерде – «Пайғамбарлар» сөзі 50 жерде кездеседі.

4. Ізгілік (салах) сөзі 50 жерде – Бүлік (бұзақылық (фасад)) сөзі 50 жерде кездеседі.

5. Ібліс жайында 11 – Іблістен сақтанып, Ұлы Аллаға сыйыну жайында 11 рет айтылып өтеді.

6. Мұсылмандар сөзі 41 жерде – Жиһад сөзі 41 жерде кездеседі.

7. Зекет сөзі 88 рет – Берекет сөзі де 88 рет кездеседі.

8. «Мұхаммед» сөзі 4 жерде – «Шариғат» сөзі 4 жерде кездеседі.

9. «Әйел» сөзі 24 жерде – «Еркек» сөзі 24 жерде кездеседі.

10. «Өмір» сөзі 145 жерде – «Өлім» сөзі 145 жерде кездеседі.

11. «Ізгі істер» (салихат) сөзі 167 жерде – «Жаман» (сайиат) сөзі 167 жерде кездеседі.

12. «Жеңілдік» сөзі 36 жерде – «Қиыншылық» сөзі 36 жерде кездеседі.

13. «Махаббат» сөзі 83 жерде – «Итағат» сөзі де 83 жерде кездеседі.

14. «Тура жол» (һуда) сөзі 79 жерде – «Мейірімділік» (рахма) сөзі 79 жерде кездеседі.

15. «Бейбітшілік» (саләм) сөзі 50 жерде – «Жақсылық» (тайиба) сөзі 50 жерде кездеседі.

16. «Қиыншылық» (шиддә) сөзі 102 жерде – «Сабыр» сөзі 102 жерде кездеседі.

17. «Кесапат» (мусиба) сөзі 75 жерде – «Шүкір» сөзі 75 жерде кездеседі.

Қорыта айтқанда, Құранды зейін қойып оқыған адам одан ғылыми ізденістерге кедергі келтіретін бірде-бір аятты кездестіре алмайды. Керісінше, көптеген аяттар Алла тағала  жасаған нәрселердің бәрі адамзат игілігі үшін зерттеуге мүмкіндік беретін ғылыми қағидаларға толы. Тарихта ешқашан Ислам мемлекеттеріндегі ғалымдардың еркін ойлауына қарсы болатын, зерттеулері мен жаңа нәрселерді ойлап табуына тыйым салатын оқиғалар болған емес. Қашан да ғалымдарға рухани жағынан сый-құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдық ортадағы мәртебесі жоғары деңгейде бағаланып отырған. 

«- Иә, рухы мықты адам өзін-өзі сендіру арқылы көңілде жүрген өкпе-араздықты, ренішті, уайымды өшіріп тастай алады. Көңілдің кірін тазаламай тұрып, емделем деп ойлаудың өзі бос әурешілік. Жанды емдемей тұрып, тәнді емдеу мүмкін емес. 

- Бұл жайында нақты кеңес беретін кітаптар бар ма?

- Әрине бар. Басқаны былай қойғанда, орта ғасырда өмір сүрген ұлы бабаларымыз Әбу Әли ибн-Сина өзінің «Китаб әл-Қанун фиттиб» («Медицина заңдары туралы кітап»), Әбу Райхан әл-Бируни – «Хикметтер» («Даналық сөздер», Қожа Ахмет Йассауи – «Диуани хикмет» («Ақыл кітабы»), «Мират-ул Құлуб» («Көңілдің айнасы») деп аталатын кітаптарында жан тазалығына жету жолдарын егжей-тегжейлі сөз етеді. Мәселен Қожа Ахмет Йассауи ар-ождан,  рух, жан тазалығына жету жолында әрбір адам міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Бұл сатылар «шариғат», «тарихат», «мағрипат», «хақиқат» деп аталады. Бұл философиялық ұғымдардың мән-мағынасын «Ақыл кітабын» мұқият оқу арқылы ғана пайымдай аласыз» (Бұл жазушы Немат Келімбетовтың «Таң-Шолпан, 4-2006» жорналында жарияланған «Ұлыма хат» атты эссесінен алынған үзінді. 64 бет). 

Қазақ та бұл сатылардың бәрі бір ғана жиынтық атаумен Сопылық ілім деп аталады. Шын мұсылман деген – софы деген сөз. Исламнан софылықты бөліп алып қарау адамның кеудесінен жүрегін бөліп алып қараумен тең. «Барлық діннің тамыры бір, бірақ фурағасы (шариғаты) бөлек» деген. Софылық – пайғамбарлардан бері келе жатқан жүректің ілімі. Пайғамбарымыз айтыпты: «Ақырдың алдында менің дінім 73-ке бөлінеді, оның біреуі ғана хақиқат» деп. Қазір біз дәл сол кезеңге тап келіп тұрмыз. Көп ұзамай тұман айығады, күмән сейіледі. Дін қалпына, дүние орнына келеді. Діннің мақсаты – адамның жүрек көзін ашу.  

Манқыстаулық ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы атамыз былайша толғанады:

«...Әнбиялардың ақыры

Расулы Мұхаммед

Абзалы артық нұр өткен,

Артынан келіп төрт имам

Шариғат жолын күзеткен,

Пәруәр пірдің басшысы

Қожа Ахмет Яссауи

Түркістанда бұ да өткен

Туына жұртты түнеткен

...Айтқаны зікір-салауат

Қашсын деп шайтан маңымнан.

...Пірлерден ізгі дұға алып

Жамағаттар, құралып

Ораза, намаз тұталық

Ақиқат Хақтан сұранып,

Құдай жалғыз, Құран шын,

Ақиқат рас ол анық.

Ахиретті ойламай,

Ақылы қысқа пендеміз

Дүниеге жүрміз жұбанып.

...Хазіреті ишандар

Шариғат айтқан тыңдатып, 

Азаннан тұрған ыңлатып,

Тағлым, таспих, салауат,

Зікір айтқан түн қатып.

...Пайғамбар айтқан Хадисте:

«Құрметтесең ғалымды

Сүйікті маған үмбет» деп,

Мойнымызда әртүрлі

Ойласақ, борыш міндет көп.

Шарғыда баян етулы –

Ең әуелі пендеге

Иманды дұрыс білмек деп,

Парыз дейді ғалымға

Бұқараға көрсетіп

Шариғат жолын үйретпек.

Алладан келген хабар бар:

Әмірімді істемей

Тәрк етсеңіз, махшарда

Тартарсың ғазап-бейнет» деп.

Астана халық ішінде

Білімге терең жүйрік көп,

Шайтан деген зор дұшпан

Адастырып біздерді

Басқа жолға сүйретпек.

...Тәуекел етіп Тәңірге

Тарихат жолдан таймады,

Сескенткендей серпіліп

Шайтанға болды айбары.

...Ысрафил сүргін үрген күн

Жан-мақұлық қырылмақ,

Күнәһәрлар сол күнде

Отқа түсер шырылдап.

Тамұққа түсіп қалғандар,

Шырылдап отқа жанғандар- 

Бұларды кім деп сұрасаң,

Әмірін Хақтың тәрк етіп

Біреудің хақын алғандар,

Аузына харам салғандар.

Орын алар жәннәттан

Бірлігіне Алланың

Ақиқат кәміл нанғандар.

Ұжмақтан үміт етсеңіз

Ізгіліктен танбаңдар,

Жандарыңды шыбындай

Өлмей тұрып қамдаңдар

...Бұрынғы шайхы, имамдар

Жүргізген екен жұртына

Шариғаттың  хүкімін,

      Ұстаған діннің бүтінін.

Тарихаттың жолынан

Аудармай көңіл пікірін

Қоймаған дәйім зікірін» (Сәттіғұл Жанғабылұлы «Аманат» Алматы -1996. 253-265 беттер). Сәттіғұл атамыз Тарихатты, яғни сопылық ілімді ДІННІҢ БҮТІНІ деп отыр.

         «...Осыларды үлгі еткен

         Кереметті пір де өткен.

         Жеті зікір тәмәмдап,

         Тарихат жолын үлгерткен,

         Шариғат жолын үйреткен.

         Шариғат пен тарихат,

         Ақиқатты бірге еткен-

         Мағрифатқа қол жеткен» (Ыбырайым ахун Құлыбайұлы (1886-1982).

       Бұл жол бізге: «Түркістанда түмен бап,

                                 Сайрамда бар сансыз бап,

                                 Отырарда отыз бап,

                                 Баптардың бабын сұрасаң,

                                   Ең үлкені Арыстан баптар» мен Пірлердің Пірі Құл Қожа Ахмет Иассауи және Әулие Бекет - Пір Аталар арқылы жетті.

Ол жайлы Қожа Ахмет атамыз өзінің «Диуани хикмет»  атты еңбегінде жалпы адам баласының қарапайым (ас ішіп, аяқ босатар десе де болады) адамнан кемел адам деңгейіне көтерілудің төрт сатысы болатынын, яғни ислам әлемінің төрт тірегінің үйлесім табуы қажет екенін ескертеді. Оларды ұлы ақын былайша сипаттапты:

      «...Өтті ғұмырым шариғатқа жете алмадым,

      Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.

      Хақиқатсыз мағрипатқа бата алмадым,

      Жолы қатты пірсіз қалай өтер, достар, - деп толғаған.

Демек, шариғат та, тарихат та, хақиқат та мағрипатсыз (ғылым-білім) ешнәрсеге аспайды екен. Аталарымыздың айтуынша шындыққа апаратын бірден-бір жол ғылым болып отыр. «Ғылым таппай мақтанба» (Абай).

Демек, тек «тірі жан» болмай, нағыз адам, яғни Қазақ болу үшін:

Кәпір емес мұсылман болып, шариғатқа жүгініп, оның қағидаларын толық орындауымыз керек екен. Ата-бабаларымыз  ең алғашқы Алынша ханнан бері мұсылмандықты мойындаған. Ешбір дінді мойындамайтындарды «кәпір» деп атаған. Бұл жайлы деректер Әбілғазының «Түрік шежіресінде» көрсетілген. Біздің аталарымыздың соңғы ұстанған діні баршамызға белгілі Ислам. Қазақ баласының өзге дінге, сонымен қатар дәстүрлі діннен безіп, өзге ағымдарға өтуі ата-баба жолынан ауытқығандық болып табылады және ондайлар қазақ деген атқа ие бола аталмайды.

       Осы жерде өткен тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ, мына көрші Ресей империясына бодан болғанымыздан кейін Кавказ сыртындағы қазақтар (Закавказские казаки), Дон қазақтары (Донские казаки), Орал (Уралские казаки) т.б. ана тілдерін сатып, дінін ауыстырып «шоқынып» кеткендіктен олар басында ел арасында «шоқынды қазақтар», қазақ-орыстар, соңынан «казактар» аталып жүрді де, кейіннен таза орыс болып шыға келді. Шоқан (Уәлиханов) айтқандай, бүгінгі кез келген орыстың тегінің бетін тырнасаң астынан қазақ (татар) шыға келетіні бүкіл әлем елдерімен мойындалған шындық.

     - Ата-бабаларымыздың өткен тарихын білуіміз қажет. Қазақта бұл жайлы «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын дер» делінеді. Тарих болғанда, қазіргі тарихшылардың айтып та, жазып та және ең басты мақсат етіп қойып жүргендеріндей, ұлы аталарымыздың туған немесе өлген күндері емес, олардың бүгінгі әлем мәдениетіне   қосқан үлестерін және олардың аты-жөндерін біліп, сол үшін мерейленуіміз шарт. Келер ұрпақ сол ұлы аталарының ізгі істерін алға жалғастырып, олардан да асып түсуге, тіпті ең болмаса соларға ұқсап бағуға тиіс.

Қазіргі көптеген Құран оқитындардың Құранды түсінбей жүргендерінің басты себебі олардың тарихатты мойындамайтындығында жатыр. Ал, Құран болса тұнып тұрған нағыз тарих пен ғылым. Онда адам баласының 70 мың жылғы тарихынан хабар беретін қаншама деректер келтіріліп, қаншама пайғамбарлардың, ұлы ғұламалар мен ұлы патшалардың атқарған игі істері мен есімдері аталады. Демек тарихатқа жүгініп, оны білмесең Құранды ешқашан түсіне алмайсың.

Демек, Ата-баба тарихының жақсысын да, жағымсызын да білуге тиіспіз. Бұл бізге аталарымыз жіберген қателіктерге ұрынбай, жақсысын жалғастыру үшін қажет. 

-  Құдай мен Құранды мойындамай, ата-бабаларыңның тарихын білмей адам баласының көзі ешқашан ақиқатқа жетпейді. Әрқашанда ақиқатты біліп, ақиқатқа жүгінген адам ғана Алланың сүйген құлы. «Алланың жолы ақиқат» делінетіндері де осыдан. Шындығында да, жер бетінде ақиқат пен әділетті іздемейтін адам жоқ. Тіпті өмір бойы Алланы мойындамай, адам баласына жақсылық жасап көрмеген, ең әділетсіз адамның өзі басына іс түскенде ақиқат іздейтіні кім-кімге де белгілі емес пе?! Демек, жоғарыда аттары аталған үш сатыдан  (Шариғат, Тарихат, Ақиқат) өту әр бір қазақ баласы үшін парыз, міндет болып табылады.

- Осы жоғарыда көрсетілген үш сатыдан өткенде  адам баласының алдынан «мағрипат», яғни ғылым мен білімге кең жол ашылады. Адам баласы өз жанынан ғылым шығара алмайды, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезеді, көзбен көріп, ақылмен біледі.  Яғни, тек қана жаратушы Алла тағалаға аян дүниелерге көзі жетеді.

Көрсетілген үш сатыдан, яғни шариғат, тарихат және ақиқаттан өтіп барып жасалған ғылым халыққа қызмет жасайды, олардың аты ел аузынан ешқашан түспейді. Аттары әспеттеліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мыңдаған жылдарға кетеді.  Мысалы, Шопан атаны алайық, даланың жабайы аңы Архарды ең алғашында ұстап алып, қолға үйретіп, оны қойға айналдырған атамыздың аты Шопан. Сондықтанда бүкіл қазақ баласы Шопан атаны қойдың, қойшының пірі (ұстазы) деп ардақ тұтады. Сонымен қатар, Шопан атамыздың атын дәріптеп, ұмытпау үшін қой бағатын бүкіл малшы, қойшыны да шопан деп  атай береді. Демек, Шопан атамыздың аты Қазақ пен оның ана тілі тірі тұрғанда өлмейді.   Ал, үш сатыдан өтпей барып жасалған ғылым халыққа қарсы қызмет жасайды. Олардың есімдерін ешкімнің білгісі де келмейді және оларға қарғыс айтылады (Мысалы, адамзатты жаппай қыратын ядролық, нейтрондық, сутегілік қаруларды ойлап тапқан адамдарға қандай құрмет болуы мүмкін).

Біздің аталарымыз осы төрт сатыдан өтіп, оларды толық меңгерген жандарды «әулие (әулеттің иесі)» деп атаған.   Манқыстаудағы осындай әулиелердің саны 362.

Ата-анамызды, бауырымызды қаншалықты құрметтеп қадірлесек, Отанды да солай қастерлеуіміз керек. «Отанды сүю-иманнан» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар. Ата дініміз Ислам Отанды сүю иманнан келетінін ашып көрсеткен. Демек, отан сүйгіш ұрпақты қалыптастыру үшін имандылыққа бет бұру уақыт күттірмес Алладан парыз болған амалды орындау. Намысымыздың температурасы жоғары болғанда, Қазақ елінде «Келін», «Тюльпан» секілді кино түсіріліп, халықаралық байқаулардан Қазақстан атынан танылып, телеарналарымызда көрермен назарына ұсынылып тамашаланбас еді. Ұялатын, намыстанатын нәрселер мақтанышқа айналып барады. Намысты қамшыламайтын бойкүйездікке, көнбістікке, бой үйрететін құндылықтар тым көбейіп барады...

Біздер қолдағы алтынымызды бағалай алмай, өзгенің тот басқан теміріне қызығып жүргенімізде: «1995 жылы Алматыдағы «Фатима» қорының ұйымдастыруымен ораза айында ғылыми конференция өтті. Ғалым Бангладештік Мұхаммед (ислам қоғамында қызмет істеген) баяндамасында Америка мемелекеті конституциясының 80 пайызы «Құран Кәрімнен» алынған деген пікірді ғылыми түрде дәлелдеп айтты (С.Дәуітұлы «Диуани Хикмет» хақында. Алматы-1998. 94 бет).

Демек, біз Исламда қалуға тиіспіз... Ұлы аталарымыз қолдарына қару алып қорғап қалдырған бұл жолдан ауытқыр болсақ бізге өзімізді Қазақ деп атауға құқығымыз болмайды. Аталарымыз ескі діннен ислам дініне өтер кезеңде, өтпей қалғандарды ұлты мен ұлысына бөлмей жалпылама «Қалмақ», яғни жұртта қалған ел деп атаған. Қазақ пен Қалмақ текетірестерінің басты себебі де осы. Бұл «соғыс» әлі жалғасуда.

Соңғы 4-5 жыл шамасында Алла адамзатқа әр түрлі аяндар арқылы Хақ жолынан ауытқып, нәпсіге құл болып, иманнан безіп, азғындап бара жатқанымызды ескертуде. Оған жаңа туған қозыға, алмаға, қарбызға, асқабаққа, тіпті ашық аспан да ақша бұлтпен жазылған  «Алла» деген жазудың шығуы  куә бола алады. Ал, мына Дағыстандағы 9 айлық Али Якубов деген нәрестенің денесіне хадистердің жазылып шығатыны, кім-кімді де Алланы мойындауға мәжбүр етеді. Қасиетті жазулар адамды тәубаға келіп, Аллаға мойынсұнуға шақырады. Ғажайып бала Дағыстанның Кизляр ауданының Краснооктябрь ауылында туған. Баланың әкесі Шәміл – милиционер, анасы – Мадина үй шаруашылығындағы әйел. Нәрестелерінің бойындағы қасиет оларды түбегейлі дін жолына түсірген.

Алғашқыда ата-анасы тіл-көзден қорқып, нәрестенің денесіндегі жазуларды ешкімге көрсетпей жасырған. «Менің хабарымды пенделерімнен жасырмаңдар» деген жазу шыққан кезде жергілікті имамның үгіттеуімен елге жария етуге келіскен. (Жас алаш. №101. 22.12.2009 ж.)

Енді осының үстіне өткен 2013 жылы Маңғыстаудың Қызыл төбе кентінде бір қарғаның үш күн бойы бағана басында «Алла» деп айғайлап «Азан» шақырып тұрғанын еліміздің БАҚ-тары жарыса жазды. Тура осындай жағдайға 2011 жылы Қарағандыдағы Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ елдімекенінің тұрғындары да куә болған болатын. «Ауыл қарғалары қарқылдағанда "Алла" деген сөзді анық естуге болатынын айтады. Бұл көрініс көптен бері қайталанып келеді екен. Тіпті тұрғындар сол сәтті, аңдып жүріп, бейнетаспаға да түсіріп алған. "Бұл қарғаны ең бірінші рет біз екі ай бойы, аңдып, таңғы жеті кезінде түсірдік. Бұл қарға төрт рет Алла деп айтады. Енді одан кейін тағы басқа қарғалар бар еді оны таба алмадық. Жүрді, бірақ біздің ыңғайымыз келмеді. Екі айда бір, ақ рет түсірдік" (Ернұр Төлегенов-ауыл тұрғыны).

Өткен Наурыз айынан пайда болған бұл құстар "АЛЛА" деген сөзді жиі емес, анда санда ғана шығарады екен. Әсіресе таң алдында шығады деп таң қалады ауыл тұрғындары.

"Ұзақ кішкентай құс, мойыны, ақ. Ол таңғы таза ауада "Аллаһ" деп сөйлейді. Ал мына ала қарға „Алла“ дейді" (Қайыр Рахметуллин – ауыл тұрғыны).

Десе-де қарғалардың Алла деуі адамдар үшін ескерту. Қарға екеш қарға да Құдайға өзінше құлшылық қылып жатқанда тұрғындар да тәубеге келіп, имандылыққа бет бұру ләзім дейді дін өкілдері». (Оқу үшін http://news.nur.kz/kk/198504.html).

Біз жоғары да келтірілген деректерден Абай атамыз айтқандай,  «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін және  бүкіл тіршілік иелерінің  Алла деп зікір салатынын көреміз. Тарихат жолын ұстанған сопылардың да салып жүргені осы зікір. Қазақи балалардың «Алақай» деп қуанатындары да Аталарымыздың «Аллаһай» деген зікір сөзі. Мешіттерде бес мезгіл намаз оқылар да, намаз оқудың басы бес мезгіл Азан шақырумен басталатыны да осыдан. Бұл да болса Ислам дінінің өз бастауын Әз (Қазақ) атамыздан алатынының айдай айғағы.

Тарих тағлымы: Біріншіден, осы жолдарды оқыған бәріңізге Сопылық ілімді зерттеуге кеңес беремін.

Екіншіден, Қазақ елін (мемлекетін) әр түрлі дағдарыстардан аман алып шығу, немесе тіпті ондайларға ұрындырмау үшін қазақтың әрбір отбасы қаражаты  жетсе барлық балаларын, жетпесе әр отбасыдан, тіпті болмаса жақын  туыстар бірігіп араларынан қазақтың ұлттық қасиетін бойларына толық сіңірген, ең талантты бір баласын білім бәйгесіне қосулары керек. Аталарымыз бұл қағиданы ежелден білген. Әйтпесе, «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деп айтпаған болар еді. Бұл біздің ежелгі ата-бабаларымыздай, әлем мәдениетінің қақ төрінен өзімізге тиесілі орынымызды иемденуіміздің кепілі болмақ.

Үшіншіден,  мемлекет құраушы ұлтты қадірлемейтін, ұлтың Ана тілін білмейтін, дәстүрлі дінінен ажыраған, адами қасиеті төмен, тек қана қарабасының қамын ойлайтын жемқор, парақор, ел билігіне араласатын жасқа жеткенше отбасын құра алмаған, немесе отбасын тастап кеткен мейірімсіз жандарды биліктің еш бір сатысына (тіпті бригадир етіп те) араластыруға болмайды. Адам ел билеу үшін, бірінші отбасын құруды, дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға дұрыс тәрбие беруді  және жағымды іс-әрекетімен елге үлгі бола білуді меңгеруге тиіс. Биліктің барлық сатысындағы лауазым иелеріне қиянатқа жол бермеуді және тек қана жақсылыққа жарысуды ұсынамын.

 ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БӘРІҢІЗГЕ ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ – АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Ұлт порталы