25 сәу, 2022 сағат 17:06

Сопылық поэзия – қазіргі тілмен айтқанда трансқа ену – Светқали Нұржан


Белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Үркер» бағдарламасында Светқали Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» атты өлеңдер жинағы талданды. Аталған талдауға Маңғыстаудан келген автордың өзі, онымен бірге ақын Мұрат Шаймаран және Батырхан Сәрсенхан қатысты, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Бағдарлама барысында жүргізуші-модератор ақын Светқали Нұржанның өлеңдеріне бір түсті көзбен қарамауға тырысқанын айтады. Белгілі болғанындай,  «Көкірегім – көне кітап» - бояуының иісі бұрқырап тұрған, баспаханадан жаңадан шыққан жинақ.

«Есенғали Раушановтың бір сөзі есімде қалып қойыпты. Өз құлағыммен естідім, осыдан 20-30 жыл бұрын. Сонда айтады: «Енді бір жарты ғасыр ширегінде қазақ поэзиясында сопылық поэзия үстемдік құрады» деген еді. Бірақ мен соны байқап отырған жоқпын. Өзің қалай ойлайсың?», – деген сауал жолдады Жүсіпбек Қорғасбек.

Ал ақын Светқали Нұржан сопылық поэзия деген адамзаттың етегін жинатқан, есін жиғызған ұлы руханияттың мұрасы екенін айта келе, адамзат баласы оған әлі де келетінін жеткізді.

«Ол енді сәуегейлік десе де, арысы әулиенің ұрпағы ғой, әулиелік десе де болатын шығар. Жалпы соған келеді адам баласы. Тек қазақ емес, адам баласы келеді көп ұзамай. Енді сопылық поэзия деген - адамзаттың етегін жинатқан, есін жиғызған ұлы руханияттың мұрасы ғой. Бүкіл шығыстың жеті жұлдызынан бастап, өзіміздің күллі әлемнің темірқазығы Құтты бұлақтан, Әзірет сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың бәрі де - сол сопылық поэзияның ұлы өкілдері. Әлгі «менің хикметтерім Алладан пәрмен, бар мағынасы – Құран» деп жүрген Әзірет сұлтан бабамыздан бастап ұлы шайырлар, сол кісінің тікелей өзінің шәкірттері Сүлеймен Бақырғанидан, немере шәкірттері сияқты жалғасып келе беретін, одан біздің жырауларға жалғасатын, одан кітаби шайырларға жалғасатын ұлы поэзия. Бірақ негізгі сарын, негізі сүрлеу, қайтадан сол соқпаққа түсу сүрлеу арқылы, одан даңғылға түсуге ұмтылыс бар. Бұл сопылық поэзия деген - хал кешу, қазіргі тілмен айтқанда трансқа ену. Ол - жүректің хәлі. Жүрек Құдайға берілген кезде, ашық-машық жағдайға жеткен кезде хәл табады. Хәл деген - жүректің қызуы. Жүрек 24 сағат бойы пеш құсап қып-қызыл болып жанып тұрады. Бұл – хәл. Сол хәлге түскен кезде Пайғамбарымыз айтқан сопылықтың шыңына жеткен адам шайырға айналады деп. Ал оған түсу үшін, сол хәлді табу үшін сол жолға түсу керек. ал ол жолға түсіп жатқандар өте аз. Бұл заманда сопылықтың өзі қырық тарам болып кетті. Бәрінің құны кеткен, арзандаған заман ғой, сондықтан ол хәлге түсу мүмкін емес. Сондықтан қазір сопылық поэзияның жол алып кете алмай тұрғаны содан», – деді ақын Светқали Нұржан.

Айта кетейік, белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Үркер» бағдарламасында Светқали Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» атты өлеңдер жинағы талданды. Аталған талдауға Маңғыстаудан келген автордың өзі, онымен бірге ақын Мұрат Шаймаран және Батырхан Сәрсенхандар қатысты. Бағдарлама барысында жүргізуші-модератор ақын Светқали Нұржанның өлеңдеріне бір түсті көзбен қарамауға тырысқанын айтады. Белгілі болғанындай, «Көкірегім – көне кітап» - баспаханадан жаңадан шыққан жыр жинағы.