28 ақп, 2026 сағат 13:41

Соттан мәжбүрлі емге: Атырауда 83 жастағы енесін өлтірген келін соттан босатылды


Фото: ortcom.kz


Атырау облысында 83 жастағы енесін өлтірген 40 жастағы әйел қылмыстық жауаптылықтан босатылып, мәжбүрлі емдеуге жіберілетін болды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қайғылы оқиға 2025 жылдың 27 мамырында Қызылқоға ауданында болған. Іс материалдарына сәйкес, шамамен сағат 17:30-да күйеуі балаларын сыртқа алып кеткен кезде әйел төсек тартып жатқан енесіне пышақпен шабуыл жасаған.


Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина сотталушы жәбірленушінің басына бірнеше рет пышақ сұққанын мәлімдеді. Салдарынан ауыр жарақат алған 83 жастағы кейуана ауруханада көз жұмды.


Бірнеше сот-психиатриялық сараптама нәтижесіне сәйкес, айыпталушы қылмысты есі дұрыс емес күйде жасаған. Оған «параноидты шизофрения» диагнозы қойылған. Осыған байланысты ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша есі дұрыс емес деп танылып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды.


Тергеу барысында отбасындағы келіспеушіліктер оқиғаға түрткі болғаны анықталды. 2025 жылдың 10 мамырында азамат қарт анасын Жасқайрат ауылына күтім жасау үшін үйіне әкелген. Әйелі бұған қарсы болып, жанжал туындаған.


Судьяның айтуынша, сотталушының жақындары оның психикалық ауруын байқамағанын айтқан. Алайда мінез-құлқындағы өзгерістер, себепсіз ашулану және өз-өзімен сөйлесу секілді белгілер болған.


Үкім заңды күшіне енгеннен кейін әйел Алматы облысындағы мамандандырылған психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберіледі. Бұған дейін ол Атыраудағы медициналық мекемеде бақылауда болған.