02 сәу, 2024 сағат 11:53

Су ресурстары және ирригация министрі қандай өзгеріс болатынын айтты

Фото: Ашық дереккөз


Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған жоспарына су тасқынына қарсы іс-шаралар енгізіледі. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.  


Президенттен қатаң сөгіс алған министр су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі кеңес өткізді. Оған су шаруашылығы комитетінің төрағасы және министрлік департаменттерінің директорлары, сондай-ақ "Қазсушар" РМК өңірлік филиалдарының және бассейндік инспекциялардың басшылары қатысты. Нұржігітов су тасқынына қарсы күрес және апаттың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.


"Ақпан айында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, оны іске асырудың кешенді жоспары бар. Еріген қар суын ауыл шаруашылығында пайдалану жоспарын шұғыл әзірлеу қажет. Су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін барлық су қоймалары 100% толуы керек, бірақ су жинау кезеңі су шаруашылығы құрылыстарына зиян келтірмейтіндей өтуі керек",– деді Нұржігітов.


Оның айтуынша, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара жедел іс-қимылдың маңыздылығы зор. Өйткені министрліктен бөлек, әкімдіктердің балансына кіретін су қоймалары да бар.


Айта кетері, 30 наурызда Ақордада өткен шұғыл отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар лауазымды тұлғаларға қатаң сөгіс жариялады. Олардың ішінде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те бар. Бұдан бөлек, 1 сәуірде өткен жиында үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды.


Тоқаевтың ойынша, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Ал министрліктер жауапкершіліктен қашып, бір-біріне сілтеп отырады.