09 шіл, 2021 сағат 22:08

Сүгірдің 60 күйі жинақталған кітап жарық көрді


Түркістан қаласында «Ұлы даланың ұлы күйшісі» атты кездесу іс-шарасы өтті. Онда күйші-композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған «Теріскей толғаулары» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне сілтеме жасап.

Шарада күйшілердің қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесін насихаттау, күйлерді жаңғырту, зерттеу мәселелері талқыланды. 

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қолдауымен жарық көрген «Теріскей толғаулары» кітабының авторы - Қазақ Ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының профессоры, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай.

Кітап Қорқыт ба­ба мұрасының жалғасы Ықыластың шәкірті, Қаратау күйшілік мектебінің негізін қалаушы, күйші-композитор Сүгір Әліұлының мұраларына арналған.

Кітапта Сүгірдің 60 күйі және оның ұстаздары мен оның өнегесін көрген шәкірттерінің сирек орындалатын туындылары жинақталған.

«Теріскей толғаулары» кітабы антологиялық сипаттағы әдебиет болады деп ойлаймын. Кітап арнайы кәсіби музыкалық білім беретін оқу орындарына оқу құралы ретінде, мәдени өнер ошақтарына музыкалық-танымдық әдебиет ретінде ұсынылады. Аталмыш еңбек Сүгір күйшінің мұрасын құрмет тұтатын барша оқырман аудиториясының қажетіне жарайтын әдебиет болады деп үміттенемін. Кітаптың ішінде жаңалық өте көп. Басым бөлігі бұрын жарияланбаған күйлер. Кітапқа заманында өзі өнеге көрген және батасын алған ұстаздары – Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы сары Тоқа, Бапыш Қожамжарұлы, Сатыбалды Бегайдарұлы сынды халық күйшілерінің туындылары мен Сүгір мектебінің өкілдері, оның ішінде Асқар Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Көбдік Кәрбозов, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды көптеген композиторлардың күйлері кірді. Сүгір Әліұлының орындалмаған күйлері өте көп.

Революцияға дейінгі, совет кезеңіндегі, Созақ көтерілісі, дала аңызы сияқты күйлері бірнеше тарауға бөлінеді. 

Кітапқа енген күйлерді зерттеп, іздеп, нотаға түсіру, оларға музыкалық анализ жасау сияқты мәселелерге 15 жылдай уақытымды арнадым«, - деді кітаптың авторы, белгілі күйші Жанғали Жүзбаев.

Онлайн форматта өткен жиынға «Әзірет Сұлтан« мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Құлбек Ергөбек, күйші Жанғали Жүзбай, сүгіртанушы Мәди Байдәулетов, Сүгір Әліұлының ұрпағы, немересі Қалдан Тұрсынбаев, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының профессоры Ержан Жәмеңкеев, Шымкент музыка колледжінің аға оқытушысы Марат Анашев және тарихшылар мен ғалымдар, жас күйшілер, ұлттық аспапта ойнаушылар қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.