03 ақп, 2023 сағат 17:55

Тараз әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр

Сурет ашық дереккөзден алынды

Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Тараз қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруде.

Тергеу нәтижесінде 2021 жылы Тараз қаласының жер комиссиясының шешімімен Тараз қаласының тұрғынына шаруа қожалығын жүргізуге арналған жер учаскесін жалпы ауданы 3,56 гектар болатын ғимараттар мен құрылыстар салуға арналған басқа 2 жер учаскесіне өтеусіз ауыстыру жүргізілгені анықталды. Жер учаскелерін негізсіз ауыстыру нәтижесінде мемлекетке 159 миллион теңге көлемінде залал келтірілді", - делінген хабарламада.

Антикор мәлімептінше, тергеу барысында Тараз қаласы Жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы және аталған бөлімнің бұрынғы сектор меңгерушісі ұсталып, Тараз қаласы сотының санкциясымен қамауға алынған.

Тергеу жалғасып жатыр. 

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен облыс прокуроры жер учаскелерін сот тәртібімен иеліктен шығару шартын бұзу туралы мәселеге бастамашылық жасаған.

Мәселен, 06.01.2023 жылы Жамбыл облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскелерін иеліктен шығару туралы шарт жарамсыз деп танылып, жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылған.

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын одан әрі қолдау мақсатында облыс әкімдігімен мектеп пен көппәтерлі тұрғын үй құрылысына қайтарылған жер учаскесінің егжей-тегжейлі жоспарлануын түзету туралы келісімге қол жеткізілген.