27 шіл, 2019 сағат 10:47

Тараздағы үшем: Үш ұл мен анасы перзентханадан шықты

Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтан үйіне шыққан үшемнің ата-анасын туыстары, шенеуніктер мен журналистер құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

19 шілдеде Жамбыл ауданына қарасты Бектөбе ауылының 34 жасар тұрғыны Эльвира Қожагелдиева салмағы 2 594, 2 125 және 1 858 грамм үш ұлды дүниеге әкелді. Аналары үшемді 34 апталық мерзімде кесарь тілігі арқылы босанды. Эльвира мен күйеуі сәбилерге Ислам, Марғұлан және Аслан деп ат қойды. «Перзентханадан шығатын күнге дейін жас босанған ана мен сәбилер Жамбыл облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің бақылауында болды», деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.


«Мен Тараздағы №20 орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Жолдасым Бақытжан Жидебай «Бином» ЖШС-да краншы болып қызмет етеді. Бұл менің төртінші рет бала көтеруім, екі қызым мен бір ұлым өсіп келеді. Ал енді Алла тағы да үш ұл сыйлады», - дейді жас босанған ана.


Бұл күні бақытты ананы құттықтау үшін көптеген туған туыстары, аяғы ауыр кезінде бақылауында болған «Almaz medical group» ЖШС Жамбылдағы филиалының қызметкерлері келіп, отбасыға үш бала арбасы мен киімдер сыйлады.

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова өткен жылы Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында да дәл осылай үшем дүниеге келгенін айтты.


Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтпаеваның айтуынша, жыл басынан бері орталықта 3 296 бала дүниеге келген, олардың 86 – егіз. Бұл – биылғы жылы туған алғашқы үшем, өткен жылдың ұқсас мерзімінде екі үшем дүниеге келген.