30 қар, 2017 сағат 18:33

«Тарих қойнауынан сыр шерткен салт-дәстүр»

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ата-дәстүрімізді жалғастыру, сақтау және жаңғырту төңірегінде талай міндеттерді алға қойды.

Бүгінгі күні аса маңызды мәселелердің бірі – ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерді қайта жаңғырту. Біздің ауданымызда көп ұлттың өкілдері өмір сүреді. Ел ішінде татулық пен бірлікті, бейбітшілік пен достықты сақтауды біздің аға ұрпақ өзінің тікелей міндеті деп біледі.

Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің, Леңгір қалалық аналар кеңесінің және аудандық "Қоғамдық келісім" мекемесінің ұйымдастыруымен «Тарих қойнауынан сыр шерткен салт-дәстүр» атты аудандық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Байқауға аудандағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары, студенттер, қалалық және ауылдық округ аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Сонымен қатар, арнайы қонақ болып тарих ғылымдарының докторы, профессор, РЖҒА және ХТҒА академигі Саттар Фазылұлы Мажитов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев келді.

Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса (айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және т.б.), кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.

Іс-шара бағдарламасы басталмас бұрын, Киелітас ауылдық округінің аналар кеңесінің төрағасы Айдаркүл Ракишева қазақтың ұмытылып бара жатқан «Қазан шегелеу» атты дәстүрін сахналап, ерекше әсер қалдырды. Бұл дәстүр – қазақи қонақ күтудің ерекшелігін көрсетеді. "Қазан шегелеу" қыс ортасы ауып, күн ұзарған мезгілде басталады екен.

Байқаудың шарты бойынша қатысушылар ғасырлар қойнауында қалып ұмыт болған дәстүрлерді сақтап, насихаттап, жаңарту мақсатында өз ұлтының бір салтын көрсетуі тиіс болатын.

Бірінші болып сахнаға Сұлтан Рабат мектебінің оқушылары өзбек ұлтының «Ләпәр айту» атты дәстүрін көрсетті. Оқушылармен бірге осынау көріністі қоюға аудандық өзбек ұлттық мәдени орталығының және аналар кеңесінің мүшесі Максуда Джурабекқызы көмектесіпті.

Тағы бір тамаша сахналандырылған көрінісімен №16 Ш.Уәлиханов атындағы мектептің оқушылары көрермен көзайымы болды. Оқушылар түрік ұлтының ұмыт болып бара жатқан «Беташар» дәстүрін көрсетті. Түріктерде ерекше тіл қысқарту дәстүрі болады екен. Ол бойынша жаңа түскен келін ата-енесін сыйлап, айтқанын екі етпеу, әрдайым елгезек болуға серт береді екен. Бұны жаңа келіннің тілін пышақпен кесу арқылы жүзеге асырады. Шошымаңыздар, әрине символикалық түрде. Келінің басынан пышақты қайрап, сертін алады. Бұл көріністі сахналауға түрік ұлттық мәдени орталығының және аналар кеңесінің мүшесі Софья Магарамовна ат салысыпты.

Соңғы болып сахнаға №8 колледжінің студенттері шықты. Олар «Салт-дәстүріміз – санамыздың айнасы» деп бірден қазақтың бірнеше дәстүрін көрсетті.

Дастархан көркі  нан демекші, адамдар арасындағы ауызбіршіліктің символы ретінде әр ұлт өкілдері өздері пісірген ұлттық нанынан көрермендерге ауыз тиіп отыруға шақырды.

Мақсаттары жеңу емес қатысу болған жас өрендердің өнерін өз деңгейінде бағалаған әділ қазылар алқасы атынан Саттар Фазылұлы көпшілік біле бермейтін ерешке дәстүрлер жайлы сөз қозғап, ұйымдастырушыларға, қатысушыларға алғысын білдірді.