05 қаз, 2022 сағат 19:15

Татулық – киелі ұғым


Жасыратыны жоқ, қазір әлем саясатындағы ахуал аса жақсы емес, тұрақсыз. Түрлі дау туып, кесірінен кей елдерде қақтығыстар болып жатыр. Ал шарасыз халық паналайтын жер іздейтіні анық. Көршіміз ресейліктердің басына күн туып, бас сауғалап елімізге келуде. Оларды да түсінуге болады, ең жақын жер - Қазақстан, бізге келмегенде қайда барады. Енді солай босып келіп жатқан жұртты өзектен тебу заңдылық па?

Өркениетті, қоғамның санасы жетілген мемлекет ретінде эмоцияға жүгініп, ашумен қадам жасауға болмайды. Бәрін ой тезінен өткізіп, ақыл мен сабырға салып, уақытша келген ресейліктерге қамқорлық көрсеткен дұрыс іс. Сонымен қатар, оларды бақылаудың бірыңғай жүйесі де құрылғаны абзал. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін мұны ескермей өтуге болмасы даусыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені аса сақтықпен бағамдау керегін жеткізді. Рас, қазір біреудің айтақтағаны мен арандату сөзіне еріп, отпен ойнап, алауыз болуға болмайды.

Қазақстан - халықаралық аренада жауапкершілігін сезініп, саяси реформалар арқылы қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Әлемді ауызбіршілікке шақыратын, әр кез ынтымақтастыққа ұмтылатын ел. Халқымыз бірлік пен тұтастықты басты кие санайды. Сол себепті бүлікке жол беріп, қарап отыра алмаймыз.

Азаматтарымыз қолынан келгенше қиыншылыққа ұшыраған өзге жұрттың нәсіліне, тіліне қарамастан көмек бергені жөн деп ойлаймын. Татулық – мемлекеттің іргесін берік ұстайтын киелі ұғым. Оны көздің қарашығындай сақтап, қастерлеп жүрсек, бар қиындықты еңсереміз.

Ұлтымыз ертеден келешектің қамы үшін бірлікке ұмтылды. Соның арқасында осы күнге жеттік. Халық бірігіп, сабақтастықты сақтап, жүйелі әрекет етсе, мемлекет мүддесін бәрінен биік қойса – ынтымағы жарасқан берекелі елге айналамыз. Басымызға түсуі сын-қатерлерден сол арқылы сақтанып, алдын аламыз.

Шалатай Мырзахметов, мемлекет қайраткері