01 ақп, 2023 сағат 20:41

Тәуелсіз журналист Әсет Матаев Парламент сайлауына қатыспақ

Фото: Әсет Матаевтың Facebook парақшасынан

Бүгін тәуелсіз журналист, KazTAG халықаралық ақпараттық агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев Алматыдағы №5 бір мандатты округ бойынша ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.⠀

Жазбада алты ай бұрын Жоғарғы Сот ҚазТАГ және Қазақстан журналистер одағының жетекшілері Әсет пен Сейтқазы Матаевтардан заңсыз соттағаны үшін мемлекет атынан кешірім сұрағаны және мұндай жайт тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет орын алғаны айтылған.

"Бір кездері саяси себептермен басталған қылмыстық іс Бас Прокуратура қызметкерлерінің мұқият тексерісінен кейін жойылды және қазір Жоғарғы Соттың бюллетенінде заңсыз соттаудың мысалы ретінде жарияланып жатыр. Менің түсінігімде Әділетті Қазақстан дегеніміз осы - барлық адам құқығы заңмен қорғалып, қылмыс аяусыз жазаланатын  ел", - деп жазды Әсет Матаев.

Сонымен қатар ол өзінің атына мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты халықтан көп шағым түсетінін және сол өтініш-шағымдардың барлығын жан-жақты тексеру қажет екенін атап өтті.

"Мені соңғы кездері өзімнің қаламдас әріптестеріме, яғни тілшілерге қатысты сөз бостандығын шектеп, әділдікті белден басу оқиғаларының көбейіп кеткені қатты алаңдатады. Өйткені, мұндай тауқыметті біздің отбасымыз да талай мәрте басынан кешірген. Сөз бостандығы жолында басымызды бәйгеге тігіп, біраз өмірімізді тәрк еттік. Денсаулығымызға да қандай нұқсан келгені айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары біз менің әріптестеріме, журналистерге және қоғам белсенділеріне жасалған қатігез соққыларға куә болдық", - делінген жазбада.

Әсет Матаевтың сөзінше, адамдар оған өңірлер мен орталық мемлекеттік органдардағы кадрлық шешімдерге қатысты сұрақтарды, коммуналдық саладағы проблемалар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтарды жиі қояды екен. "Үкімет пен Парламентке жаңа көзқарастағы белсенді адамдар қажет. Мемлекеттік аппарат бюрократия мен қағазбастылыққа көміліп қалған. Шұғыл шешімдер қабылдау былай тұрсын, мойнына жауапкершілік алудан қашатын болды".⠀

"Бізде экология, жұмыссыздық және қауіпсіздікке қатысты проблемалар толып тұр. Көптеген жүйелік проблемалар пайда болды. Әрекет ететін кез келді. Кез келген мәселенің соңғы шешімін табуды президенттің мойнына іліп қою дұрыс емес деп санаймын. Шенеуніктер қоғамның өзімен қоян-қолтық араласа жүріп, халықтың талабын бірлесіп шешу жолында алға басуы қажет... Барлығы өзгеріс пен дамуды қалайды. Біреу оны шетелден іздейді, бірақ мен өз өмірімді Отаныммен байланыстырамын. Біздің буын көптеген мәселелерді шеше алады және Қазақстанды даму мен заңдылық жолына бағыттай алады!"- деп қорытындылады Әсет Матаев.

Атап өтілгендей, оны жастар өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, әртүрлі өңірлерде БАҚ саласында жұмыс істейтін әріптестері қолдап отыр.