17 нау, 2026 сағат 11:19

Таяу Шығыс ширығып барады: БАӘ аспанын шұғыл жапты

Фото: Airarabia.com

Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін толықтай жапты. Бұл туралы елдің азаматтық авиация жөніндегі бас басқармасы мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа сәйкес, бұл — уақытша қабылданған қауіпсіздік шарасы. Emirates News Agency басылымының хабарлауынша, шектеу елдегі қауіпсіздік жағдайына байланысты енгізілген.

Осы уақытта елдің Қорғаныс министрлігі әуе шабуылына қарсы жүйелердің іске қосылғанын растады. Мәліметке сәйкес, зымырандар мен дрондар сәтті түрде жойылған.

“Естіліп жатқан дыбыстар – әуе қорғаныс күштерінің зымырандар мен дрондарды тоқтату әрекеті”, – делінген X әлеуметтік желісіндегі ресми хабарламада.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюімен байланысты. Әсіресе, Иран тарапынан мұнай тасымалдаушы кемелерге, сондай-ақ америкалық және израильдік нысандарға жасалып жатқан шабуылдар аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Осы қауіптің аясында БАӘ де ықтимал нысан ретінде қарастырылуда.