
Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы доданың 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған эстониялық Кайя Канепимен кездесті.
Қазақстандық спортшы 21-де болса, тәжірибелі Канепи 35 жаста еді.
Қарсыластар матчты брейк алмасумен бастады – 1:1. К.Канепи тағы бір брейкке қол жеткізді – 3:2. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.
Екінші партияда Е.Рыбакина брейкпен алға кетті – 3:0. Содан соң есепті 5:0-ге жеткізді. Ақыры бұл сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.
Е.Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэйди немесе рейтингте 58-сатыдағы испаниялық Сара Соррибес-Тормоның біреуімен шеберлік байқасады.
Осы мастерс турнирінің (жалпы жүлде қоры – 3,26 млн АҚШ доллары) үшінші айналымына шыққандар 26 мың доллар табады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесов пен Андрей Голубевтің Хорватиядағы турнирінің жартылай финалына шыққанын, Михаил Кукушкиннің Майами жарысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Алайда, А.Недовесов пен А.Голубев Задар додасының финалына шыға алмады. Қазақстандық жұп жартылай финалда словакиялықтар Лукаш Клейн - Алекс Молчаннан 3:6, 4:6 есебімен ұтылып қалды.
