17 нау, 2023 сағат 10:35

Тоқаев азаптау мен басқа да қатыгездіктің алдын алуға қатысты заңға қол қойды

Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы.

Атап айтқанда, құжатта мынадай нормалар қарастырылған:

▪️қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;

▪️азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;

▪️заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. 

Сонымен қатар Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:

✔️Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады;

✔️Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын);

✔️Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;