27 ақп, 2023 сағат 17:38

Тоқаев үшінші елдермен өзара саудада кедергілерді жою туралы заңға қол қойды

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа екі заңға қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми  сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

Сенат бұл заң жобасын 16 ақпанда мақұлдаған. Хаттаманың негізгі мақсаты - Қазақстан мен Қырғызстанның шекара өкілдері өз функцияларын орындауға жауапты болатын мемлекеттік шекара учаскелерінің аумақтық шегін анықтау.

Хаттамаға сәйкес екі елдің үкіметтері мынадай учаскелерді анықтаған: Қазақстан тарапынан – Алматы, Қордай және Тараз учаскелері; Қырғызстан тарапынан – Есік-Көл, Шу және Талас учаскелері.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, заң Қазақстанның үшінші елдерге экспорт үлесін 10 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Келісімді қабылдау одақта және үшінші елдің аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын айқындау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану үшін жағдайлар жасайды.