18 нау, 2021 сағат 18:27

Түркістан облысында Наурыз мерекесін тойлауға бірқатар шектеу қойылды

Түркістан облысында Наурыз мерекесін тойлауға бірқатар шектеулер қойылды. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімінің орынбасары өңірде соңғы тәуліктердегі эпидемиологиялық ахуалдың өзгеруіне байланысты осындай шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. 

Оның айтуынша, соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 жағдай тіркелген. Ал, вирустық пневмониямен тағы 5 адам ауруханаға түскен. Сонымен қатар наурыз мерекесіне орай, Түркістанға өзге өңірлерден тек пойыз, ұшақ және автобуспен 11 мыңнан астам адам келеді деп болжанып отыр. 

«31-ші наурызда Түркістанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммиті өтеді. Саммитке Түркі тілдес мемлекеттердің барлық басшылары және осы ұйымның бақылаушысы болып табылатын Венгрияның премьер-министрі қатысады. Осыған орай, Саммиттің ойдағыдай өтуі үшін коронавирус індетінің кең тарауының алдын алу мақсатында 19-23 наурыз аралығында Түркістан қаласында наурыз мерекесіне арналған шаралар өткізілмейді»,- деді Сәкен Қалқаманов. 

Айта кетейік, бұған дейін облыс орталығында бірнеше мәдени іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлаған болатын. Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 19 мен 23-ші наурыз аралығында өңірлердегі аудан-қалаларда карантин талаптарын сақтай отырып, жиыны 50 адамнан аспайтын шағын шаралар ғана өтеді. Салтанатты шараларда әкімдік қызметкерлері мен еріктілер және құқық қорғау органдарынан құралған мобильді топтар бақылауға алады.