03 там, 2019 сағат 11:35

Түркістан облысында жол апатынан 4 адам көз жұмды

Түркістан облысында орын алған жол көлік оқиғасы кезінде 4 адам қайтыс болып, 1 адам жансақтау бөліміне жеткізілді. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі facebook-тегі парақшасында жазды.

«2019 жылдың 2 тамызында кешкі уақытта Төлеби ауданының аймағы Алматы-Ташкент-Термез жолында жол апаты болды. Шымкент қаласына қарай бағыт алған жүк көлігі қарама қарсы бағытқа шығып кетіп, «Ауди» маркалы жеңіл көлігі мен «Камаз»жүк көлігімен соқтығысып, содан соң жанып кеткен. Жол көлік оқиғасының салдарынан «Ауди» көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза болды, ал жүк көлігінің жүргізушісі ауруханаға жетпестен көз жұмды. Сондай-ақ «Ауди» көлігінің бір жолаушысы дене жарақаттарымен жан сақтау бөліміне жеткізілді» делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда «Камаз» көлігінің жүргізушісі дін аман екендігі айтылады. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.

Сараптамалар тағайындалды. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.