03 ақп, 2023 сағат 01:49

Түркістан облысындағы су тасқыны: 13 000 мың қап құм төселді

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта Түркістан облысының бес елді мекенінде, атап айтқанда Бәйдібек ауданында Шаян мен Шақпақ, Сауран ауданында Шаға, Созақ ауданының Шолаққорған ауылдарында және Арыс қаласында су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі.

ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 13 000 бірлік құм салынған қап төселген.

Жұмыс жүргізуге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдарынан 430-дан астам адам, 70-ке жуық техника, 43 мотопомпа жұмылдырылған.


"ТЖД күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының, Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аула аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Жергілікті атқарушы органдар халықты уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялау пунктін дайындады.

Облыстық және республикалық жедел штабтар қызмет көрсетіп жатыр. Олардың базасында «Жедел желі» телефоны ашылды" - делінген хабарламада.

"Қазгидромет" РМК деректері бойынша 3 ақпанда облыстың басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), сондай-ақ температуралық фонның жоғарылауы, қардың белсенді еруі, еріген және еңіс ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр.