Түркістан облысының полицейлері қызмет бабында қайтыс болған әріптестерін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ел тыныштығы жолында құрбан болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
«Елімізде орын алған террорлық шабуыл, арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетті. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қылмысқа қарсы күресте үнемі алдыңғы қатарда жүрген, өз өмірін жиі қауіп-қатерге тігетін полицейлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі өлшеусіз. Қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан әріптестерімізді еске алу және құрметтеу – біздің міндетіміз», – деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бағлан Халықов.
Айта кетейік, Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 47 блок бекет орнатылды. Оның ішінде 45-і қала, аудандардағы жолдарға, екеуі республикалық маңызы бар жолдарға қойылған. Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Қазіргі кезде өңірдегі жағдай қалыпты.


