
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қар жамылғысының жай-күйі туралы айтар болсақ, Қазақстан аумағында ақпанның аяғында және наурыздың басында ауа райы нашарлады және еліміздің шамамен 10%-ын әлі де қар басып жатыр. Бұл негізінен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, ішінара Қостанай облыстары және Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының таулы аудандары», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр ақпан айының басынан бастап ТЖ жөніндегі комиссия отырыстары, оның ішінде Үкімет отырыстары өткенін, онда нақты іс-шаралар айқындалғанын және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары бойынша тапсырмалар берілгенін айтты.
«Алдын ала жасалған жұмыстар бүгінгі күні елді мекендерді су басу қауіптері барынша азайтылған деп айтуға мүмкіндік береді», - деді Юрий Ильин.
