14 ақп, 2023 сағат 16:53

Ұлттық қордың ақшасы он сегіз жасқа толғаннан кейін 5-10 жыл сақталады

Фото: fingramota.kz

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында қордың инвестициялық табысынан жиналған ақша шотта бала 18 жасқа толғаннан кейін 5-10 жыл сақталады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол 18 жасқа толған балалардың шотындағы ақшаны доллармен төлеу ұсынылып отырғанын айтты.

"Бала он сегіз жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 5-10 жыл сақталады. Осы аралықта ақша қажет болмаса, оны зейнетақы шотына аудару ұсынылып отыр", - деді Темірбеков Сенатта өткен отырыста.

Сондай-ақ, оның айтуынша, егер 18 жасқа дейінгі бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығын өзгертсе, ол Ұлттық қордың ақшасын ала алмайды. Оның қаржысы басқа балалар арасында бөлінеді.

Ал егер азаматтығын өзгертпей, шетелге кетсе, төлем алу құқығы сақталады.

Сонымен қатар, азаматтық заңнамаға сәйкес, жиналған қаражатты мұраға беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ал бала іс-әрекетке қабілетсіз болса, ата-аналарға, қамқоршыларға заңнамаға сәйкес қаржыны пайдалану құқығы беріледі.