14 сәу, 2021 сағат 10:04

Ұшақ апаты: Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты ауыр

Әуе апатында жарақат алған ҰҚК қызметкерлерінің жағдайы әлі ауыр. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Екі науқас №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде ем алып жатыр. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы орташа ауыр, екінші науқас - әскери қызметкердің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Комбустиологтар күйік ауруларын емдеп жатыр. Дәрігерлер пациенттердің бірін аутодермопластикаға (өз терісінің сау бөлігін терең жарақат орнына трансплантациялауға) дайындап жатыр, бірінші кезең сәтті өтті», - дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков. 

Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді.

Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.