24 шіл, 2021 сағат 23:03

Ұйғыр ауданының судьясы 9 жылға сотталды



Алматы облысындағы Ұйғыр аудандық сотының судьясы тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, лауазымды қызметтерге орналасу құқығынан шеттетілді. Ол мансабын пайдалана отырып 12 миллион теңге пара алған, деп  хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесіне сілтеме жасап.

"Сүлейменовке қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталды. Сүлейменовке оның шығарған үкімін қолдау үшін облыстық судьяларға беруді сылтауратып, орман шаруашылығы директоры Юлдашовтан 12 миллион теңге көлемінде ақшаны алдау жолымен алды деген айып тағылған. Алайда облыстық сот Юлдашовты соттап жіберген. 2021 жылы 22 шілдеде Талдықорған қалалық соты Сүлейменовті 9 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына мемлекеттік лауазымдарда жұмыс істемеуге үкім шығарды", – делінген ресми мәліметте.

Сот үкімі бойынша Юлдашов пара бергені үшін және Имиров пара алуға қатысқаны үшін 8 және 7 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Ұйғыр аудандық сотының судьясына қатысты тергеу 2020 жылдың қыркүйегінде басталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері хабарлағандай, заң қызметкері ақша төлегендердің пайдасына үкім шығарған.