Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда «UILI BOLAYIK» («Үйлі болайық») деген атаумен жұмыс істеген қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде көрініс тапқан бұл жоба шын мәнінде азаматтарды алдап, ірі көлемде қаражат жинаған.
Ұйымдастырушылар тұрғын үйді пайызсыз бөліп төлеу арқылы алуға болатынын айтып, қатысушыларды сендірген. Сонымен қатар, салымшыларға ай сайын 15–30 пайыз көлемінде пайда және әр тартылған адам үшін 10 пайыз көлемінде бонус уәде етілген.
Алайда азаматтардың ақшасы қайырымдылық қорына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына екінші деңгейлі банктер арқылы аударылған. Ал «UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының» ресми есепшоттары мүлде қолданылмаған.
Тергеу барысында 515 адамның бұл қаржы схемасына алданып, 50 миллион теңгеден астам қаржы салғаны анықталды. Сот санкциясымен күдіктінің банк шоттарына тыйым салынып, оған елден шығуға шектеу қойылды.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
