22 жел, 2022 сағат 15:58

Wildberries Қазақстанда 30 жылға салықтан босатуды сұрады - СІМ

Фото: Риа Новости

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Wildberries 30 жылға салықтан босатуды талап еткенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.

"Wildberries компаниясы - біз олармен бірнеше жыл бойы әртүрлі деңгейде келіссөз жүргізіп келеміз. Олар әртүрлі ой айтады, бірақ сіздерге айтарым, ең алғашқы келіссөздерде Wildberries 30 жылға салықтан босатуды, сонымен қатар қоймалар салуға көмектесуді сұрады, әрине, біз мұндай шарттарға келіспедік", - деді сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, қазақстандық тарап еліміздегі барлық бизнеске тең жағдай жасау туралы өз ұстанымын білдірген.

"Неге шетелдік компанияға тегін қоймалар салып, сауда-саттықты 30 жылға босатамыз (салықтан - еск.), тек сауда мен қойма, ал басқа отандық компаниялар ше? Сондықтан Wildberries шағын қоймалармен, үлкен қоймаларсыз жұмыс істейді", - деп қосты Айдаров.