18 нау, 2021 сағат 17:40

Юрий Ильин Шығыс Қазақстандағы су басу қаупі бар аумақтарды әуеден барлады

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Шығыс Қазақстан облысындағы су басу қаупі бар аумақтарды әуеден барлады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Юрий Ильин Шығыс Қазақстандағы жұмыс сапарының екінші күнінде өңірдегі су тасқыны қаупі бар аумақтарды әуеден барлау жүргізді. 

«Әуеден шолу нәтижесінде Бұқтырма су қоймасы маңындағы Барлық, Коробиха, Сенное, Быково, Богатырево, Малеевск, Путинцево, Зубовск, Тұрғысын, Парыгино мен Снегирево елді мекендеріндегі жағдайға мониторинг жасалды. Қазіргі таңда жағдай қалыпты. Сең жүруі байқалмады. Сондай-ақ Юрий Ильин Бұқтырма өзеніндегі мұз жару жұмыстарын тексерді. Ондағы ұсақталған мұз ауданы 13000 текше метрді құрады. Қазіргі уақытта өзендегі мұз қалыңдығы – 70 см», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. 

Барлау қорытындысы бойынша Юрий Ильин Шығыс Қазақстандағы тоңның қатуы 1,5 метрге, жазықтықтағы қардың биіктігі 90 см дейін, ал таулы аудандарда 1,5- 2 метрге дейін жетуіне байланысты бірқатар елді мекенді су басу қаупі бар деген шешімге келді. Өңірде су тасқыны қаупі туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп әрекет ететін топтар құрылған. Оның құрамында 3 мың адам, 24112 бірлік техника және 370 мотопомпа бар. Бұдан бөлек, 108 эвакуациялық бекет дайындалған. 

«Көктемі су тасқыны - жауапты да күрделі кезең. Біздің міндетіміз – халықты қарғын судан қорғап, шығынды барынша азайту. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жағдайдың өзгергендігі туралы жедел хабардар ету. Азаматтар өз үйлерінің маңайын және арықтарды тазалау бойынша уақтылы шаралар қабылдауы тиіс», - деді министр.