06 қаз, 2022 сағат 12:37

Заңда коалиция атынан сайлауға түсуге шектеу жоқ – Әділет министрі


Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына коалицияның атынан түсетінін мәлімдеді. Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, заңда бұған шектеу жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.

"Заң бойынша бір республикалық бірлестік бір кандидатты ұсына алады. Ал коалиция деген - саяси термин. Барлығы ұсынса, ол коалиция болып саналады", - деді Қанат Мусин журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, коалиция атынан кандидат шығару үшін бірлескен съезд және басқа да жиын өткізудің қажеті жоқ. Себебі әрбір ұйым өз ұсынысын жасап қойған. Ал заңда коалиция атынан сайлауға қатысуға шектеу қарастырылмаған.

Еске салайық, кеше Павлодар облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатқанын айтқан болатын.

«Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетері, кешеден бері бірнеше республикалық және қоғамдық ұйым Тоқаевты президентікке үміткер ретінде ұсынды. Бүгін Amanat пен Қазақстан Халық партиясы да оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.