17 ақп, 2023 сағат 15:12

Зеленский: Путинмен ымыраға келу мүмкін емес

Фото: golosameriki.com

Украина президенті Владимир Зеленский "Ресей армиясы көктемде бастайды" деген шабуыл іс жүзінде қазір басталып қойды деп мәлімдеді.

"Ресей бірнеше бағыт бойынша шабуылдап жатыр" - деді ол Ресей басқыншылығына бір жыл толар кезде BBC-ге берген сұхбатында.

Зеленскийдің айтуынша, Украина әскері Ресей армиясының шабуылына төтеп беріп, қарымта шабуылға көше алады. Алайда оған Батыс елдерінің көмегі керек. Оның сөзінше, "Ресеймен тек "қарумен" сөйлесуге болады".

Ол сонымен бірге Украина Ресейге бірде-бір аймағын беруге келіспейтінін және Владимир Путинмен ымыраласпайтынын айтты.

Зеленскийдің айтуынша, Украина аумағын Ресейге беру үлкен қателік болады, себебі Ресей онымен тоқтамай, "қайта-қайта келе бермек".

"Жер беруге келісу - украин мемлекетін тек әлсіретеді және Украина мен Еуропаның қақ ортасындағы бомба іспеттес рөл атқарады" - деді Президент.

Оның сөзінше, мәселе "ымырада" емес, оны кіммен жасауда болып отыр. "Путинмен ымыраға келу мүмкін емес, себебі оған сенім жоқ" - деді Зеленский.

Американың барлау қызметі мен Батыс сарапшылары жыл басынан бері Мәскеу жаңа шабуылға дайындалып жатыр деп бірнеше рет ескерткен.

Осы айдың басында Украина президенті Ресей армиясы ақпан айында "бұрынғы жеңілістерін жуып-шаюға" тырысады деп мәлімдеген.

Жуырда Financial Times басылымы екі құпия дереккөзге сүйене отырып, "Ресей Украина шекарасына тікұшақтар мен ұшақтарын әкеліп жатыр және алдағы уақытта ірі шабуылдарды соларды қолданып жасамақшы" деп жазған. Батыс елдері сол себепті Украинаға әуе шабуылынан қорғайтын көп қаруды тез арада жеткізу керек екенін айтқан.