09 ақп, 2023 сағат 12:30

Зеленский Украинаға танкілер мен ұшақтарды тезірек жеткізуді өтінді

Фото: dw.com

Украина президенті Владимир Зеленский 8 ақпанда Парижде Франция басшысы Эмманюэль Макронмен және Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесу кезінде Украинаға әскери ұшақтар мен ауыр техниканы тезірек жеткізуді өтінді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Украина президенті 8 ақпанда Лондонға сапарынан кейін британ әуе күштері ұшағымен Парижге барған.

Үш басшы кешкі асты бірігіп ішіп, журналистерге ортақ баспасөз жиынын өткізген.

"Еуроодақ Украинадағы әскери қимылын жалғастырып жатқан Ресейге санкциясын қатайтады, Путин өз мақсатына жете алмайды" деген еді сәрсенбі күні сәл ертерек Бундестагтағы отырыста мәлімдеме жасаған канцлер Шольц

Германия канцлері Украинаға көмек беріп жатқанына қарамастан, НАТО одағы Ресеймен әскери қақтығыста тараптардың біріне айналмауы керек деді. Ол Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесі бойынша НАТО одақтастарымен бірігіп әрекет етуге уәде берді.

9 ақпанда Брюссельде Еуроодақтың төтенше саммиті өтеді. "Неміс толқынының" жазуынша, саммиттің басты тақырыптарының бірі – Украинадағы соғыс.


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.