16 там, 2022 сағат 14:14

Жаңа министр бұрынғы әріптесі жайлы: "Біреуді жамандайтын жағдайым жоқ"

Фото: Informburo.kz

Бақыт Сұлтановтың орнына Сауда және интеграция министрі қызметіне келген Серік Жұманғарин бұрынғы әріптесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бақыт Тұрлыханұлы - кәсіби, белсенді, тәжірибелі азамат. Әрине, ол қиын уақыт болды. Біріншісі - коронавирус, екіншісі - Украинадағы жағдай. Мұның бәрі бағаға да, логистикаға да әсер етіп жатыр. Сол себепті біреуді жамандайтын жағдайым жоқ. Менің міндетім - ертең осындай жағдай ешқашан қайталанбау үшін жұмыс істеу", - деді Жұманғарин Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

БАҚ өкілдері одан жаңа лауазымға тағайындалу туралы жаңалықты қалай қабылдағанын сұрады.

"Мен біраз жыл мемлекеттік қызметтемін. Шынымды айтсам, ешқандай лауазымға қуанбаймын да, кетерде жыламаймын да (күлді). Ол деген қызмет, жұмыс. Бірақ кеше Президентке сенімін ақтауға, адал, белсенді жұмыс істеуге тырысатынымды айттым", - деді ол.

Еске салсақ, кеше, 15 тамызда Президент Серік Мақашұлы Жұманғаринді Премьер-министр орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндеттерін атқарушы қызметіне тағайындады.

Бұған дейін бұл қызметті Бақыт Сұлтанов атқарды. Ол қант төңірегіндегі проблемаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алған болатын.

Ал Жұманғариннің өзі жаңа қызметке дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін басқарды.