15 нау, 2021 сағат 13:30

Жаңадан құрылған Сауран ауданының халқы 100 мыңнан асатын болады

Жаңадан құрылған Сауран ауданына қатысты барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады. Бұл туралы Апталық аппарат отырысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жаңа Сауран ауданы құрылды. Әкімшілік орталығы - Шорнақ ауылы болады. Оған Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіретін болады. Сондықтан бүгін тарихи күн. Біз осыған байланысты тез арада барлық шараларды жүзеге асыруымыз керек»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. 

Жаңа сауран ауданының әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болады. Кентау қаласының құрамынан Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері шығарылып, Сауран ауданына өтеді.

Ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған «Сауран» атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуі негізді. Ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Сауран – XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. XIII ғасырдың орта шеніде Сауран – Ақ Орданың астанасы болған. Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік – батысқа қарай 20 шақырым жере орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың халық тұрады. Жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады. Кентау қаласында орналасқан 12 ауылдық округтерінен жаңа аудан, Шорнақ ауылын әкімшілік орталығымен жалпы көлемі 650 мың гектар жерде орналасқан.

Еске салайық, биылғы 19 ақпанда халық алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде жаңа – Сауран ауданын құру туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс берілгенін мәлім еткен еді.

Бұл ұсынысты өңір басшысы алдымен, өткен жылдың соңында Кентау қаласы мен оның ауылдық округтерінің тұрғындарына ұсынған болатын. Жергілікті халық Сауран ауданын құру туралы Ө.Шөкеевтің бастамасын қуанышпен қолдады.

Кентау қаласы Түркістан қаласымен қатар бірдей дамытылатыны жоспарланған.

Сондай-ақ биылғы 14 наурызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітованың төрағалығымен ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда көне Сауран қалашығын дамыту мәселесі талқыланды.