15 нау, 2021 сағат 20:04

Жаңақорғанда 50-ге жуық уақ мал қар астында қалып қойды

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында қар астында қалып қойған 50-ге жуық уақ малы қырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Табиғаттың тосын құбылысы 14 наурызда ауданның тау беткейінде орналасқан Сүттіқұдық, Қосүйенкі, Қыраш ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарына едәуір шығын алып келді. Тексеріс жұмыстарының барысында 50-ге жуық қойдың қырылғаны анықталды. 

«Табиғаттың төтенше жағдайына байланысты Жаңақорған ауданының азаматтық қорғау гарнизонынан 6 қызметкер, 1 техника, аудан әкімдігінен 8 қызметкер, 4 техника жұмылдырылды. Қазір аталған мақсатта арнайы комиссия құрылды», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев. 

Наурыз айының 12-13 наурыз аралығында Жаңақорған, Шиелі аудандарында ауа райы күрт құбылды. Бұл жолдағы қозғалысқа біршама қиындық алып келген. 

«Осындай жағдайға байланысты ұзындығы 246 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Түркістан» автожолы екі мәрте жабылды. Шиелі, Жаңақорған ауданында 11 техника жұмылдырып, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазір көлік қозғалысына кедергі жоқ. Апаттық жағдай болған жоқ», - деді «Қазавтожол» ҰҚ»АҚ Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлыбек Үсенов.