28 қыр, 2022 сағат 08:38

Жаңаөзенде кішкентай қызға азғындық жасамақ болған күдікті ұсталды


Жаңаөзенде кішкентай қызға азғындық әрекеттер жасап, тиіспек болды деген күдікпен ер адам ұсталды. Жантүршігерлік оқиға туралы қыздың көршілері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі іnAktau.kz басылымына сілтеме жасап.

Әйелдің айтуынша, ер адам үшінші шағынауданда ұсталған.

"Ол аулада ойнап жүрген төрт-бес жасар кішкентай қызды азғырып пәтеріне алып кеткен. Күдікті екінші қабатта, ал қыз отбасымен төртінші қабатта тұрады. Қызды алып бара жатқанын ауладағы балалар көрген.

Анасы қызын іздеп далаға шыққанда таппаған. Атын атап іздей бастағанда балалар оны ер адам пәтеріне алып кеткенін айтады. Ол сол пәтерге жүгіріп барып, есіктен қызының айғайлап, жылап жатқанын естиді. Есікті қағып, үйге кіргенде ер адам тек тек шалбарын шешіп, қызды шешіндіріп үлгеріпті. Зорлауға жетпепті.

Бұл адам бұған дейін де педофилия деген күдікпен бір рет ұсталған екен. Бірақ оған қарсы дәлелдер жеткіліксіз болып қамалмапты", – дейді қала тұрғыны.

Жаңаөзен қаласының прокуратурасы мен Маңғыстау облысының Полиция департаменті мәліметінше, оқиға 18 қыркүйекте болған.

"Сағат 12:30-да Жаңаөзен қаласы полиция басқармасының 102 жедел байланыс желісіне белгісіз ер адамның кішкентай қызға тиіскелі жатқаны туралы қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы бірден аттанды. Оқиға орнынан 47 жастағы күдікті ұсталды", - делінген хабарламада.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы (Сексуальды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.