29 қаң, 2021 сағат 14:22

Жандарбек Бекшин карантин шектеулері қандай жағдайда алынатынын айтты

Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин жаңа шектеулердің қашан алынатынын қатысты болжам айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы 1 аптадан бері коронавирустың таралуы бойынша қызыл аймаққа кірді. Осыған байланысты 1 ақпаннан бастап карантин шаралары күшейтіледі.

«Карантиннен шығу үшін бізге ең алдымен қызыл аймақтан шығуымыз керек. Сол кезде сары аймақтың шектеу шараларына ауысамыз. Қазір ауырғандардың тәуліктік көрсеткіші азайып келеді. Тұрғындар карантин талаптарын қатаң ұстанатын болса, онда қаланың қызыл аймақтан тезірек шығуына бірден бір алғышарт болады. Алматы қызыл және сары аймақтың шекарасында тұр», - деді Бекшин Atameken Business телеарнасының тікелей эфирінде.

Айта кету керек, бүгін қалалық Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулы қабылдаған болатын.

Қаулыға сәйкес сауда, ойын-сауық орталықтары мен базарлар сенбі-жексенбі күні жұмыс істемейді.

Ал кинотеатрлар мен театрлардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Сонымен қатар, жаңа қаулыға сәйкес енді коронавирус жұқтырған адамдар ауруханаға жатып емделеді.