28 ақп, 2023 сағат 17:10

Жапония Ресей компаниялары мен шенеуніктеріне салған санкциясын ұлғайта түсті

Фото: Guglielmo Mangiapane, Reuters

Жапония Ресейдің Украинаға басып кіргенінің бір жылдығына байланысты Ресейдің 48 жеке тұлғасы мен 74 ұйымының, соның ішінде бір банктің активтерін бұғаттады, деп хабарлайды Азаттық.

Санкцияның жаңа тізімінде Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Виктор Горемыкин мен "Калашников" концернінің президенті Алан Лушников бар. Ресей президентінің мемлекеттік кеңес жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі басшысы Александр Харичев пен оның орынбасары Борис Рапопорт, Шешенстан президенті Рамзан Кадыровтың туысы Турпал-Әли Ибрагимов және Ресей қарулы күштері бас штабының қызметкерлері де тізімге іліккен.

Жапония үкіметі "Ак Барс" холдингіне, "Союз" қосарлы технологиялар федерациялық орталығына, "Росэлектроника" холдингіне және әскери-өнеркәсіп кешеніне қатысы бар зерттеу орталықтары мен институттарына да шектеу енгізген.

Украинаның Ресей жаулап алған жеріндегі Ресей өкілдеріне бөлек санкция тізімі жасалған.

25 ақпанда Жапония премьер-министрі Фумио Кисида санкцияны ұлғайта түсетінін мәлімдеген. Әңгіме Ресейдің 120 заңды және жеке тұлғасының активтерін бұғаттау туралы болған.

Жапония Ресей әскери өнеркәсібін нығайтатын тауарларды экспортауға да тыйым салады. Жапонияның санкция тізіміне Ресейдің 900 жеке тұлғасы мен 450 заңды тұлғасы кірген.

2022 жылы Ресей Украина жеріне жаппай шабуыл бастаған соң, Жапония Ресей президенті Владимир Путиннен бастап Ресейдің өзге де көптеген лауазымды тұлғасына санкция салған.

Ресей Жапонияны "дос емес" елдер санатына қосып, Оңтүстік Курил аралдарындағы шаруашылық жұмыстарын бірлесіп ретттеу туралы диалогты тоқтататынын мәлімдеген. Ресей жапон балықшыларына Оңтүстік Курилде балық аулауға тыйым салған. Бұл ретте 1998 жылы жасалған Ресей-Жапония келісімін алға тартқан.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.