25 қаң, 2023 сағат 18:29

Желіде Талғардағы оқушылар төбелесінің видеосы тарады

видео кадры

Талғар ауданының оқу орындарының бірінде оқушы соққыға жығылған сәт видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Видео авторының айтуынша, оқиға 20 қаңтарда Алматы облысы Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында болған.

"№34 мектепте жоғары сынып оқушылары 5-сынып оқушысын миы шайқалғанша соққыға жыққан. Олар алдымен мектепте, кейін көшеде ұрған. Мектеп директоры, оқу бөлімінің меңгерушісі полиция мен жедел жәрдем шақырмаған. Баланы анасы ауруханаға апарды. Бірінші рет емес, шара қолданыңыздар. Ол - үш баланың анасы, жалғыз тәрбиелеп отыр", - делінген видео сипаттамасында.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы Қ. Әбдіғұлов атындағы №34 мектептің 5 және 6-сынып оқушылары арасында төбелес болғанын мәлімдеді.

"Жәбірленушінің анасы полицияға арыз жазды. Қазір бала "ми шайқалуы" диагнозымен облыстық балалар ауруханасында жатыр. Бұл іс Талғар ауданының кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді. Мектепте түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілі.