Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындау жайы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ағымдағы жылдың 1 наурызындағы жағдайға сәйкес, облыста 319 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Оның ішінде барлау және өндіруге арналып 200 келісімшарт жасалған десек, 109 лицензия және жол құрылысын салуға арналған 9 жеңілдетілген рұқсат берілген.
Ірі жер қойнауын пайдаланушылар қатарында «ЕуроХим Удобрения», «Монтерро Қазақстан», «Қазақсода», «Жамбылгипс» және тағы да басқа компаниялар бар.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков өткен жыл бойынша әзірге нақты қорытынды ақпарат жоқ екенін, сондықтан 2019 жылғы мәліметтерді негізге алуына тура келетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, 2019 жылы инвестициялардың жалпы көлемі 63,2 миллиард теңгені, ал салық түсімдері 9,8 миллиард теңгені құрап, мамандарды оқыту және қайта даярлауға 207 миллион теңге бағытталған.
Аталған басқармамен анықталған бұзушылықтарды жою туралы тиісті орынға 59 хабарлама жолданған десек, 11 шарт бұзылып, оның 10-ында кеніштерді қалпына келтіру жұмыстары орындалған. Облыс аумағында тағы 17 кәсіпорын тіркеліп, жергілікті бюджетке салық төлемдерін аудара бастады.
«Өңірдің экономикасы мен оның тұрғындарының әл-ауқаты жер қойнауын сапалы пайдалануға да байланысты. Негізгі мәселе – жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындауы. Бұған компаниялардың қызмет ететін орны бойынша тіркелуі, инвестициялар салу, жергілікті кадрларды даярлау және әлеуметтік төлемдер жатады. Бүгінде аталған шарттардың орындалуына қатысты бақылау әлсіз жүргізілуде», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев мысал ретінде Жамбыл ауданының жер қойнауын пайдаланушылардың белгіленген келісімшарттық аймақтың шекарасын бұзу және ауыл шаруашылығы жерлерінде өз бетінше пайдалы қазбаларды өндіруге қатысты түрлі фактілерді алға тартты.
Бұдан соң облыс әкімі бейнебайланыс арқылы кейбір ірі кәсіпорындардың жай-күйіне назар аударды. Айталық, «Монтерра Қазақстан» алтын өндіруші компаниясы инвестициялар көлемін 832 миллиард теңгеге дейін ұлғайтпақ, ол жақын арада жер барлау жұмыстарын бастауға ниетті. Бердібек Сапарбаев тау-кен байыту комбинатының құрылысын жеделдетіп, алтын кендерін игере бастауға шақырды. Жергілікті биліктің көмегімен «Қазсода» ЖШС қажеттілігі үшін жер бөлу мәселесі де өз шешімін тапты.
«Біздің жеріміздің қойнауы халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Сіздер бизнестің әлеуметтік бағытын ұмытпау керексіздер. Барлық келісімшарттық міндеттемелер сақталуы қажет. Әкімдер мен тиісті құрылымдар тарапынан қатаң бақылау орнату керек. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту қажеттілігі туындауда. Құқық қорғау органдарына жер қойнауын заңсыз пайдалануға бақылауды күшейту бойынша тапсырма берілді. Әсіресе, Мойынқұм ауданында өз беттерінше техникалармен жұмыс істейтіндер аз емес, ал аудан әкімі олардан мүлде хабарсыз. Бүгінгідей пандемия мен экономикалық қиындықтар кезеңінде жұмысшылар жалақыны уақытылы және толық көлемде алуы тиіс. Жалақының жыл сайынғы өсімі кем дегенде 10-15 пайызды құрап отыруы керек», - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
