Фото: Polisia.kz
Жетісу облысының Көксу ауданында полиция қызметкерлері жалпы құны 9 миллион теңгеден асатын бірнеше мал ұрлығы фактісін ашып, қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Ult.kz.
Polisia.kz хабарлауынша, 7 маусым күні Мұқаншы ауылдық округінің жайылымынан белгісіз біреулер 9 бас ірі қараны ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 2,5 миллион теңгені құраған.
Арада бірнеше күн өткен соң, сол өңірдегі Алғабас ауылдық округі аумағында тағы бір ұрлық тіркелді. Бұл жолы қаскүнемдер 14 бас ірі қараны айдап әкетіп, шаруашылық иесіне 7 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
Көксу аудандық полиция бөлімінің және облыстық Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 51 және 37 жастағы екі күдікті қолға түсті. Екеуі де Көксу ауданының жергілікті тұрғындары болып шықты. Операция барысында MAN жүк көлігі тоқтатылып, көлік ішінде ұрланған малдың сатып алушысы ретінде Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Тексеру кезінде жүк бөлігінен жәбірленушілерге тиесілі 14 бас ірі қара мал табылып, тәркіленді.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің мал ұрлығына қатысты бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заң бойынша мұндай қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза қарастырылған. Құқық қорғау органдары тергеу шараларын жалғастырып, ұсталған азаматтардың өзге де мал ұрлығына қатысы бар-жоғын мұқият тексеруде.