23 ақп, 2023 сағат 14:42

Жойқын жер сілкінісі кезінде Алматының 30 пайызы қирауы мүмкін – вице-министр

© Photo : Instagram orelireshka_official

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Алматының қай аудандары жер сілкінісі кезінде өте қауіпті екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

Ол Алматы сейсмикалық қауіпті өңірлердің бірі екенін атап өтті.

"Алматы 27 қауіпті тектоникалық жарық аумағында орналасқан. Негізгісі – қаланың таулы аудандары. Басқаларға қарағанда Түрксіб ауданы – барынша қауіпсіз, қалғандары – Медеу, Бостандық аудандары плиталардың ажыраған тұсында орналасқан, сол себепті қауіп жоғары", - деді Күлшімбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр жойқын жер сілкінісі болса, Алматыдағы ғимараттардың отыз пайызы қирап қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Қаланың 60-70 пайызы қирап қалады деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ болжам бойынша 9 және одан да көп балдық алапат жер сілкінісі кезінде ғимараттардың 30 пайызы қирауы мүмкін. Тиісінше, қандай шығын келетінін есептеу қажет", - деді ол.