30 қаң, 2023 сағат 16:33

Журналист Думан Мұхаммедкәрім Мәжіліс депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады

Коллаж: Ulysmedia.kz

Алматы облысы Қаскелең қаласындағы №12 бірмандатты сайлау округі журналист, YouTube-тегі ND каналының авторы Думан Мұхаммедкәрімді заң талаптарына сай емес деп, мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркемей қойды, деп хабаралйды Азаттық радиосы.

Комиссия журналист ел ішінде сегіз ай еш жерде тіркеуде тұрмаған деп отыр.

"Алматы облысы бойынша полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының жауабына сәйкес, кандидат Думан Мұхаммедкәрім Астана, Орал, Көкшетау қалаларында, Ақмола мен Алматы облыстарында тіркеуде болған. 2021 жылғы 21 желтоқсаннан бастап тіркеуден алып тасталған. 2022 жылғы тамыздан қазіргі уақытқа дейін Алматы облысының Іле ауданында тіркелгені анықталған. Алматы облысы бойынша полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы көрсетілген мәліметтер негізінде кандидат Мұхаммедкәрімнің өтінішін Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарға сай қанағаттандырмаған (Ел аумағында 10 жыл тіркеуде тұру талабы – ред. ). Яғни кейінгі 10 жыл ішінде еліміздің аумағында тұрақты тұру талабына сәйкес емес" деді комиссия төрайымы Ұлтусын Бархинова.

Комиссия отырысын журналист Мұхаммедкәрім өзінің ND арнасында жария еткен.

Комиссия отырысында журналист бұған келіспейтінін айтқан, алайда отырысқа қатысып отырған көші-қон қызметінің өкілі Мұхаммедкәрім "сегіз айдай база бойынша тіркеуде болмаған" деп қысқа қайырды. "Келіспесеңіз, әрине, сотқа беруге құқығыңыз бар" - деді комиссия төрайымы Бархинова.

Журналист комиссия шешіміне қарсы және бұл шешімнің "саяси астары бар" дейді.

"Кейінгі 10 жыл ішінде еліміздің аумағында тұрақты тұру" талабына сәйкес емес деуі заңсыз. Мен - журналиспін, бірнеше қалада тұрғаным рас. Дегенмен мен ел ішінде тұрдым ғой. Негізгі тіркеуім Алматы облысы Іле ауданында, тұрақты түрде. Ал жұмыс бабымен өзге қалаларда тұрғанда сол жақта уақытша тіркеуге тұрып келдім. Бұған дейін Астана қаласында пәтер жалдап тұрғанымда, пәтер иесі мен уақытша емес тұрақты тіркеуге қойған екен. Сөйтіп, мен пәтерден шығып кеткеннен кейін, мені тіркеуден де шығарып жіберген. Мен оны кейін көлік алғанда, арада сегіз ай өткенде бір-ақ білдім. Көші-қон қызметі айтып отырған "сегіз ай базада болмауымның" себебі – осы" дейді Думан Мұхаммедкәрім.

Журналист комиссия шешімінің үстінен сотқа шағымданбақ. Бірақ "ол шағымымды сот қарап біткенше, қайта құжат тапсырып үлгермеуім әбден мүмкін" деп отыр.

Еске салайық, 19 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды таратып, 19 наурызда сайлау өтетінін жариялаған. Сайлауға партия атынан я жеке кандидат ретінде қатысуға болады.

Бірнеше жыл мемлекеттік телеарнада жұмыс істеген Думан Мұхаммедкәрім кейінгі жылдары YouTube желісіндегі ND арнасының авторы ретінде қоғамдық саяси мәселелерге байланысты хабарларымен танылған. 

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.