13 ақп, 2026 сағат 10:53

Алматыда 620 млн теңгеден астам қаржы жымқырған күдікті қамауға алынды

Фото: видеодан скриншот

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті заңсыз инвестициялық қызмет саласындағы алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, 2013–2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» атауымен «өмірді сақтандыру» жобасын ұсынып, азаматтардың қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған. Ол өмірді сақтандыру бағдарламалары мен жинақтаушы сақтандыру салымдарына инвестиция салуды ұсынып, жоғары табысқа уәде берген.

Салымшыларға өзіне бағынысты «Evroasia Global Investment» АҚ және «Evropa Investment» ЖШС есепшоттарына ақша аудару ұсынылған. Күдікті жылына 12 пайызға дейін тұрақты табысқа кепілдік беретінін айтқан.

Жобаның сенімділігін арттыру мақсатында шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен жалған сертификаттарға сілтемелер қолданылған. Қаражаттар қолма-қолсыз аударым арқылы қабылданып, салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген әсер қалдыратын жалған құжаттар табысталған.

Нәтижесінде 270 азаматқа 620 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.

Тергеу деректеріне сәйкес, алынған қаражат күдікті тарапынан жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсалған. Қазіргі уақытта аталған мүлікке шектеу қойылған.

Күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.