12 ақп, 2026 сағат 17:27

Бұрынғы танысын үш ай бойы қудалаған ер адам қамауға алынды

Фото: Polisia.kz

Қарапайым таныстықтан басталған қарым-қатынас ақыры қылмыстық іске ұласты, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәліметтерге сәйкес, екі айға жуық сөйлесіп жүрген жігіт қыздың ата-анасымен де танысқан. Кейін бойжеткен оның бұрын некеде болғанын біліп, қарым-қатынасты тоқтату туралы шешім қабылдаған. Алайда ер адам бұл шешіммен келіспей, үш айдан астам уақыт бойы қызға қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазып, соңынан қалмай қудалаған.

Сондай-ақ ол жәбірленушінің өзіне және отбасына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, қорқытқан. Қысым мен қорқытудан шаршаған қыз полицияға жүгініп, көмек сұраған.

Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізіп, күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары мазалау, қудалау және қорқыту әрекеттері жай ғана тұрмыстық жанжал емес, заң бұзушылық екенін ескертеді. Мұндай фактілерге қатысты заң аясында қатаң шаралар қабылданады.